Русский Сайттың толық нұсқасы

Апатта көз жұмған дәрігерлер көмекке шақырылған оңтүстікқазақстандық науқастың жағдайы ауыр

  • AstanaTV
  • 04 қазан 2017
  • 3213

Ал осы апатта көз жұмған дәрігерлерді көмекке шақырған оңтүстікқазақстандық науқастың жағдайы әлі де ауыр. 30 жастағы келіншек облыстық клиникалық ауруханаға 2-қазан күні Түркістаннан ауыстырылған. Алтыншы сәбиін өмірге алып келген әйел 2015 жылдан бері бауыр ауыруына байланысты арнайы есепте тұрады екен. Босанудан кейін жағдайының күрт нашарлауы сырқаттың әсерінен болуы мүмкін, - дейді дәрігерлер. Халі тым ауырлап бара жатқан соң білікті дәрігерлерді шақыртуға тура келіпті.

Вячеслав Цай, облыстық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімі  меңгерушісі:

Бұл қалыпты үрдіс болып есептеледі. Бізді аудандарға шақыртатыны секілді біз де  қажет болған жағдайда республикадан білікті дәрігерлердің көмегіне жүгінеміз. Бірақ дәл біздің шақыртуымызға шығып, қайғылы жағдайға ұшырағанына қатты қынжылып отырмыз. Олардың өліміне себепкер болғандаймыз.

Шымкенттік дәрігерлер қазір науқастың өмірі үшін күресуде. Ол жасанды демалдыру аппаратының көмегімен тыныс алып жатыр. Мамандар республикадан екінші рет білікті дәрігерлерді шақыртуға тапсырыс жіберіпті. Алайда, Қазақстанның санитарлық авиация орталығы қайтадан ұшақ жіберілмейтінін мәлімдеді. Министрлік таратқан ақпаратқа сай, бұған аса қажеттілік жоқ көрінеді. Дәрігерлер телемедициналық кеңестен соң өзара осындай қорытындыға келген. Ал профессор Талғат Патсаевтың мәйіті туған жері Шымкентке жеткізіліп, сол жақта жер қойнына тапсырылмақ.