Русский Сайттың толық нұсқасы

Елорда маңындағы Қараөткел ауылына судан қауіп төнді

  • AstanaTV
  • 09 сәуір 2020
  • 4059

Елорда іргесіндегі Қараөткел ауылынның бірнеше шағын ауданына судан қауіп төнді. Ауыл жұртшылығы үйден шыға алмай қалдық деп отыр. Былай жалғаса берсе, су аулаға ғна емес, үйге де кіретінінен қауіптенеді. Амалы таусылған халық әкімдікке де хабарласқан. Алайда ешқандай көмек көрсетілмеді деп отыр.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Қараөткел тұрғындары толарсақтан саз кешпесе де, тобығынан су кешіп жүргеніне бірнеше апта болды. Ауыл әкімі көшелерді толастаған судан тазартамын деп күнде уәдесін беретін көрінеді. Алайда құрғақ ауыз сөзбен шектелді деп отыр.

Еріген қар суы ауыл тұрғындарын титықтатқан. Көше тұрмақ, аулаға шығу мұң дейді. Ал Жұмагүл Қожахметова үшін апат өзгелерден көбірек қиындық туғызыпты.  Себебі мүмкіндігі шектеулі қайнысын күн сайын қаладағы ауруханаға апаруы қажет. Алайда су басқалы, емханаға қатынаудан қалған.

Жұмагүл ҚОЖАХМЕТОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ал мен ана кісіні қалай апарамын? Күйеуім болса көтеріп апарар едік. Өздері келіп, әкім бір рет көмектесті алып баруға, одан кейін қалды бәрі. Жол да ашылған жоқ.

Ағын судың тереңдігі кейбір жерлерде жарты метрге дейін жетеді. Өйткені бұл учаске ойлы жерде орналасқан.  Бұл аздай, бірнеше шағын ауданда ауыз су да жоқ. Жұрт біраз жылдан бері не су берілмейді, не жол салынбайды деген базынасында жеткізді.

Ғабдұлнасыр ҚАБИДЕНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Су сататын магазиндерден сатып аламыз. Машинасы барлар көп алып алады. Ал машинасы жоқтарға мүлде қиын. Технический су үйде бар. Оны іше алмаймыз, ащы су.

Халық ешқандай техника жұмыс істемей тұр десе, ауыл әкімі олардың сөзін жоққа шығарды. Қараөткелді судан тазарту үшін 30-дан астам техника жұмылдырылды деп отыр. Тіпті, көмекке Нұр-Сұлтаннан да төтенше жағдай қызметкерлері шақыртылған. 
 
Саят КАХАНОВ, ҚАРАӨТКЕЛ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Өздеріңіз көрдіңіздер, ЧС мамандарынан да естідіңіздер. 3-4 суткада мүлде жұмыс тоқтамады. Работа проводится круглосуточном режиме.

Ауыл әкімі ауа райы тұрақты болса, судан бір жұмада құтыламыз деп отыр. Ал, көптің көкейін алаңдатқан ауыз су мәселесі қашан шешілетінін әкім де айта алмады.

Ғ. Өтемісов