Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда төтенше жағдай режимі ұзартылды

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2020
  • 6931

Елде төтенше жағдай режимі 30 сәуірге дейін ұзартылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін осындай қаулы қабылдады. Ол әлемді жайлаған дертті, 2-ші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен әрі қауіпті алапатқа теңеді. Қазақстан оған қарсы шараларды дер кезінде қабылдағанымен, ол әлі де болса жеткіліксіз деп отыр. Сол үшін Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен бірқатар облыстарда карантин режимін айдың аяғына дейін созуды тапсырды. Әсіресе халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірде вирустың таралуын тоқтатпаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін дейді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Төтенше жағдай режимін, кем дегенде, сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Біз коронавируспен ауырудың шарықтау шегіне әл жеткен жоқпыз. Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені, халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы.

Мемлекет басшысы соған қарамастан, карантиндік шараларды сақтай отырып, ірі қалалардағы кейбір кәсіпорындарды біртіндеп іске қосу қажеттігін жеткізді. "Бұл - үлкен тәуекел, бірақ басқа амалымыз жоқ", дейді ол. Осыған байланысты жергілікті әкімдерге қатаң санитарлық талаптарды сақтай алатын бизнес нысандарының тізімін әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, ол Үкіметке азаматтар үйден шықпай-ақ мемлекеттік көмек алатын тетік әзірлеуді тапсырды. Төлем карталарын қашықтан алу мәселесін шешуге де 3 күндей уақыт берді. Жергілікті әкімдіктерге коммуналдық төлемдерді азайту туралы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, дағдарыстың да жақсы тұсы да бар. Ол елдегі бар кемшіліктің бетін ашып берді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Үлкен жүйелі кемшіліктер анықталды. Білім және ғылым министрлігі амалсыз теледидар арқылы сабақ беруге мәжбүр болды. Жарнамасы жер жарған «E-Learning» жүйесі істемей қалды. E-gov-та ақау болды. Біз осы жағдайлардан сабақ алуымыз керек.

А. Мүтәлі