Алматыда жер үй өртеніп, жеті жастағы қыз бала жетім қалды. Медеу ауданындағы жеке үйлердің бірі отқа оранып, ерлі-зайыптылар жан тапсырды. Қазір қайғылы оқиғаның себеп-салдары сараланып жатыр. Толығырақ тілші бейнематериалында.
Өрт кеше кешкісін болды. Ескі үйде, қызыл жалын тұтанып, оны сөндіру мүмкін болмаған. Жалын қатты болғандықтан көршілер де көмектесе алмапты.
Людмила ШАРИФУЛИНА, КУӘГЕР:
Көршілер айқайдап жатыр екен. Далаға шықсам, үй өртеніп жатыр. Мен шыққанда жалын аз болатын, бірден лаулап бүкіл үйді алып кетті. Жан-жақтан жүгіріп келгенімізбен үйге кіру мүмкін болмады. Тек, ауладағы көлікті ғана сыртқа шығарып үлгерді, жігіттер.
Денелерін 25 пайыз күйік шалып, ысқа тұншығып қаза тапқан ерлі зайыптының артында жалғыз қыз қалды. Бүлдіршін алғашқы медициналық тексеруден өткен соң әжесіне тапсырылыпты. Марқұмдардың достарының айтуынша, қызды әкесі жалын ортасына алып шыққан.
Марина ВАЩЕНОК, МАРҚҰМНЫҢ ҚҰРБЫСЫ:
Әкесі қызын алып шыққан, далаға. Баланы көршілерге тастап әйелін құтқаруға қайта кіріпті. Содан екеуі де уланып қалған. Баланы әжесі үйіне алып кетті. Одан басқа жақыны жоқ.
Қалалық төтенше жағдайлар департаменті өкілінің айтуынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына 5 минутта жеткен. 60 шаршы метр 25 минутта сөндіріліпті. Үй қатты өртеніп кеткендіктен сараптама жұмыстары да ұзаққа созылады, дейді мамандар.
Гүлдана НҰРЫМБЕТОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТЖД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Қазір оқиға орнында өрт лабораториясы жұмыс істеп жатыр. 15 тәуліктің ішінде қорытынды жасап, Медеу аудандық полицияға барлық материалдарды жібереді. Содан кейін белгілі болады. 2019 жылы бірінші қарашада сол үйдің иесімен профилактикалық түрде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Оқиға бойынша қалалық полиция департаменті де сот-медициналық сараптама тағайындаған. Әзірге өрттің қалай тұтанғаны белгісіз.
А. Кемелжан