Русский Сайттың толық нұсқасы

Коронавирус жұқтырғандардың саны 1200-ден асты, - ҚР ДСМ

  • AstanaTV
  • 14 сәуір 2020
  • 2456

Қазақстанда төтенше жағдай режимі 1-ші мамыр, таңғы сағат 7-ге дейін ұзартылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін осындай Жарлыққа қол қойды. Қазіргі күні COVID-19-дың таралу деңгейі 14 пайызға өскен. Денсаулық сақтау министрі бүгін Үкімет отырысында ел ішіндегі жағдайды баяндады. Пандемиядан Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында індет құрбандары да тіркелді. Әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты толықтырады.

Коронавирус бүгін тағы 2 науқастың өмірін жалмады. Оның біреуі елорданың 70 жастағы тұрғыны. Ол 11-сәуір күні жедел жәрдеммен провизорлық ауруханаға жеткізілген. Бірақ жағдайы оңалмапты. Дәрігердің айтуынша, марқұмда артералдық гипертония, қант диабеті болған.

Сәуле ҚИСЫҚОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 
2020 жылы 13 сәуірде қарқынды терапияға қарамастан науқас көз жұмды.  Сонымен бірге, туысқандар арасынан  жақын байланыста болған адамдар коронавирусқа тексеріліп үй жағдайында карантинге орналастырылды.


Қазір Нұр-Сұлтандағы 12 науқастың жағдайы ауыр, 4-еуі өкпені желдету құрылғысына қосылыпты. Екінші қайтыс болу дерегі  Шымкентте тіркелді. 1962 жылы туған Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тұрғыны, ол көлігімен жүк тасымалдаған. Үш күн бұрын алыс сапардан келген кезде ауырған. Жергілікті дәрігерлер 58 жастағы ер адаммен байланыста болған ұлынан да індет анықталғанынын жеткізді.

Айгүл БЕКБАУОВА, ШЫМКЕНТ қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
«Қарағанды-Новосбір» бағытымен Шымкент қаласындағы Бозарық блок-постында 11 сәуір күні транзитпен тоқтатылған. Ентігуіне және жоғары қызуына байланысты ауруханаға жеткізілген. Инфекциялық ауруханасына жан сақтау бөліміне жатқызылды. Науқастың ауыр жағдайына байланысты  ИВЛ аппаратына қосылды. Науқас артериялдық гипертензия ауруымен диспансерлік есеппен тіркеуде тұрған.

Өткен соңғы тәулікте Алматы қаласы коронавирусты жұқтыру фактісі бойынша рекордтың көрсеткіш көрсетті. Дерт анықталған 174 науқастың 116-сы медицина қызметкері, қалғаны дерті бар адамдармен байланыста болғаны анықталған. Бұдан бөлек стационардағы 7 адамның жағдайы ауыр.

Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, АЛМАТЫ қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Медицина қызметкерлерінің жай-күйі полисегменттік пневманияларының болуына байланысты  2-еуінде ауыр. Қалған науқастарда қанағаттанарлық. Барлық байланыста болған адамдарға диагноздарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Вирусты олар пациенттерден де жұқтыруы мүмкін.  


Республика көлемінде вирус жұқтырудың расталған жағдайы: 1200-ден асты. Науқастардың саны бойынша: Алматы қаласы көш басына шықты. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласы мен Қызылорда облысы. Жазылып шыққандардың ресми саны 150, ал көз жұмғандар   14 адам.

А. Данияр