Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұр-Сұлтанда коронавирустан 118 науқас емделіп шықты

  • AstanaTV
  • 15 сәуір 2020
  • 2160

Елордада коронавирустан 118 науқас емделіп шықты. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері хабарлады. Барлық науқас инфекциялық стационарда емделген. Әрқайсысы-кемінде екі апта карантинде жатыпты. Олардың кейбіреуінде қауіпті індеттің симптомдары жоқ болып шыққан. Емнің қалай өткені және жазылғаннан кейін қандай шараларды сақтау керектігі жайлы келесі материалда.

Өзін камераға көрсетуден бас тартқан бұл әйел қауіпті дертпен 18 күн алысыпты. Медицина саласында қызмет істейтін ол инфекция жұқтырғанын дереу анықтаған. Аурудан айыққан әйел мүлде қиналмағанын айтады. Бастапқы кезде тіпті бойында вирус барына сенбегенін жеткізді.

НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің вирусқа шалдыққанымды естігенде есеңгіреп қалдым. Не жыларымды, не күлерімді де білмедім. Мұндағы медперсонал өте жақсы күтім жасады. Оларға айтар алғысым шексіз.

Ауруханадан шыққандар міндетті түрде бірнеше аптаға оқшауланады. Науқас мақсаты біреу. Ол - дертінен айығу. Сол себепті қанша керек болса да, күтуге дайынбыз деп отыр. Ал дәрігерлер емдеу шаралары қатаң сақталса, індеттен тез құтылуға болатынын жеткізді.

Әлия РҮСТЕМОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Емдеу аяқталғаннан кейін емделушілерге полимеразды тізбекті реакцияға зерттеу жүргізіледі, міндетті түрде 24 сағат интеррвалмен жүргізіледі. Егер сынақ нәтижесі теріс болса, онда науқас сауығып кеткен деп есептеледі. Үй карантиніне жіберіледі.

Қазір елорданың 7 тұрғыны COVID-19-дан емделуде. Олардың екеуіне өкпені жасанды желдету қолданылып жатыр. Дәрігерлер барлық науқастардың жағдайы тұрақты деп отыр.

Ғ. Өтемісов