Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда виртуальды диагностикалық орталық ашылды

  • AstanaTV
  • 28 сәуір 2020
  • 2883

Виртуалды емхана. Қарағандыда науқастарды қашықтан емдейтін диагностикалық орталық құрылды. 22 дәрігер виртуалды байланыс арқылы облыс тұрғындарына күні бойына кеңес береді. Төтенше жағдай кезінде қашықтықтан дәрі- дәрмек жазып қана қоймай, қажет болса медициналық талдау, сараптауға жіберіп тіпті шұғыл түрде ауруханаларға да жатқызады. Виртуалды емхананың жұмысымен әріптесім Айжан Қуаш танысып қайтты.

Мұндай орталықты құрудағы мақсат- аймақта белең алған кеселдің жолын кесу. Байланыста негізінен онколог, невропатолог, кардиолог, эндокринолог, нейрохирург, гастроэнтеролог секілді, жалпы саны 22 дәрігер отырады. Олар науқастармен телефон арқылы аудио, не видео байланысқа шығып, дәрі-дәрмек жазады. Құр кеңеспен шектелмей қажет болса медициналық талдауға жіберіп тіпті шұғыл ауруханаға да жатқыза алады.

Евгений ЩЕРБОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АХУАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Виртуалды кеңестік- диагностикалық орталық науқастардың ештеңеден құр қалмай, бұрынғыша емделуін көздейді. Науқастар бірыңғай 559911 нөміріне хабарласып, учаскелік терапевтге жазылады. Ол өз кезегінде басқа мамандарға жолдайды. Сөйтіп дәрігерлер науқастарға өздері хабарласып, тиісті кеңес береді. Тұрғындар үйде отырып- ақ ем-домын алады.

Виртуалды бірегей емхана сәуірде іске қосылыпты. Бір айда мұндағы мамандар 20 мың адамға кеңес берген. Айтуларынша хабарласқандар негізінен созылмалы сырқатқа шалдыққандар. Арнайы мониторинг қашықтан емдеудің тиімділігін көрсеткенмен, әлі де бұрынғыша дәрігердің қабылдауына барып, дәрігерге қаралғысы келетін тұрғындар бар.

Ләйлә МҰХАМЕДЖАНОВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Дәрігерлер бұрынғыша қабылдау керек сияқты енді. Қабылдау керек бұрынғыдай адамдар енді ауырмай тұрмайды ғой. Кеңес беруін береді. Бірақ кеңес ол кеңес қой, дәрігер қарау керек қой.


Алайда мамандар төтенше жағдай кезінде емханаларда тұрғындарды бұрынғыша қабылдау, қауіпті күшейтетінін айтады. Сондықтан жағдай түзелгенше азаматтар күндіз виртуалды емхана, ал кештен бастап жедел жәрдем көмегіне жүгінуі тиіс деді. Жалпы аймақта қазір 136 адамнан Ковид-19 анықталған. Оның тең жартысы теміртаулықтар. Арасында дәрігерлер де бар.

А. Қуаш