Русский Сайттың толық нұсқасы

«Оңай» жүйесіндегі олқылықтар

  • AstanaTV
  • 03 қазан 2017
  • 3093

Алматыдағы қоғамдық көлік жүргізушілері қаражатты қалтаға басуын қояр емес. «Оңай» жүйесі қанша оңтайландырылса да, олар арасында жүйені ажыратып, қолма-қол есеп айырысады. Бұл туралы қалалық көлік холдингі жетекшілері мәлімдеді. Айлаға басқан автобус жүргізушілерін қалай анықтайды және жазалайды? Жалпы, «Оңай» жүйесіндегі соңғы өзгерістер жемісін берді ме? Олжас Нұржақыптың бейнематериалында.

Олжас Нұржақып, тілші:

Оңтайландырылған «Оңай» карточкасының біріңғай тарифтік жүйесі өзгергелі бері тұрғындар жаппай электронды төлемге көшкен. Өйткені қолма-қол қаражат қалтаға ауыр тиеді. Бірақ бұл жүйенің де олқылықтары бар болып шықты. Жолай тұрғындарға билет берілмейді, ал бақылаушылар оның неліктен берілмегендігін сұрамайтын да көрінеді.

Ақшалай төлеген кезде чек бермейді кейде. Сосын айтасың, «ей, чек берсеңіздерші, контроллер келсе не айтамыз» деп. «Өзіміз жауап береміз, өзіміз айтамыз дейді. Контроллер кіреді, чек көрсетесің, немесе чек бермесе, айтасың, берген жоқ деп. Ол үндемей кетіп қалады. Екі аппараттың бірі істемей қалатын кездер болады.

Қалалық көлік холдингі өкілдері мұндай жайттың кездесетінін растап отыр. Тіпті  кей жүргізушілердің жүйені мүлде өшіріп тастайтынын да жайып салды. Мұндай жағдайда онлайн режімдегі экрандарда бақылап отыратын құрылғы арқылы, бірден анықтап, компания басшыларына хат жолдаймыз,- дейді серіктестік басшысы. Ал олар әрі қарай жүргізушілеріне шара қолданады.

Садир Хамраев, Алматы қаласы көлік холдингі ЖШС директоры:

Көбіне жүргізушілер қолданылған билеттерді қайта таратады. Кейде мүлде бермейді. Сондықтан, мұндай олқылықпен күресті тәртіп сақшыларымен біріге тоқтаусыз жүргізудеміз. Анықталған жағдайда 5 мың мен 10 теңге аралығында айыппұл салынады. Қазір кейбір қоғамдық көлік жүргізушілері арасында айлаға басатындары да шықты. Жүйені өшіріп тастауға тырысады. Ал ол әрекеттер тікелей онлаин режімде біздің экрандарымызда шығып тұрады. Біз бірден сол автобус басшылығына хат жолдап, жаза қолдануын талап етеміз.

«Оңай» жүйесіндегі мұндай олқылықтар уақыт өте келе түзеледі, - дейді Садир Хамраев.  Ал соңғы өзгерістерге зер салсақ. Тамыздың 1-де енгізілген тарифтік өзгеріс нәтижесінде тасымалдаушылардың бір күндік табысы 56 миллион теңгеге жеткен. Ал екі ай бұрын бұл сомма мөлшері 20 миллион теңгенің көлемінде болған. Осылайша, 100 пайыздық төлемнің 97,3 пайызы «Оңай» картасымен төленсе, 2,7 пайызы қолма-қол есептескен. 150 теңгелік жол ақысынан түскен кіріс 3,5 миллион теңгені құрапты.

Мақсұт Исахов, Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

Қоғамдық көлікте сол тарифті енгізгелі бері, тасымалдаушылардың табысы 2 еседен асып кетті. Мәселен, осы қыркүйек айының 26 күнін өткен жылдың қыркүйегінің 26 күнімен салыстырсақ, олардың табысы 2-3 есеге артты. Осының арқасында бұрын 5 жыл ішінде қызмет көрсетпеген 5 машрут қайта қызмет көрсете бастады.

Олжас Нұржақып, тілші:

Сондай-ақ алдағы жылы қала автобус парктері 500 жаңа автобус сатып алуға тапсырыс берген. Жаңа қоғамдық көліктер сатып алуға жартылай әкімдік субсидия арқылы көмектеседі. Қалғанын автопарктер жол жүру ақысынан түскен қаражат есебінен төлеуі тиіс. Жалпы, мегаполис көшелеріндегі қоғамдық көлік жолағы бүгінде 94 шақырымды құрайды. 2020 жылға дейін 140 шақырымға ұзарту жоспарланып отыр.

Олжас НҰРЖАҚЫП