Русский Сайттың толық нұсқасы

М.Әшімбаев ҚР Парламенті Сенаты төрағасы қызметіне сайланды

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2020
  • 2405

Бүгін Парламенттің жоғары палатасына төраға сайланды. Бұл орын - Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған Мәулен Әшімбаевқа бұйырды. Оның кандидатурасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын Сенат Төрағалығына лайықты деп санаймын. Құрметті депутаттар! Баршамыз күрделі кезеңнен елімізді аман-есен алып шығу үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Әрдайым бағыт-бағдарымыздан жаңылмай, алға батыл қадам жасайық. Жалпы, Сенат депутаттарының жұмысына ризамын. Бірлігіміз бекем болса, кез келген қиындықты еңсереміз. Маңызды реформаларды жүзеге асыруда Парламенттің, әсіресе, Сенаттың рөлі де, құзыреті де ерекше. Сенаттың ең басты міндеті - сапалы заңдарды қабылдау.

Айта кетейін, ел Президентінің Жарлығымен мамырдың екісі Дариға Назарбаеваның сенаттағы өкілеттігі тоқтатылған болатын. Сондай-ақ, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып, Дәурен Абаев тағайындалды. Ал, оның орнына, яғни Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметіне Аида Балаева келді. Аида Балаева бұның алдында Президент көмекшісі және Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған болатын.

Д. Мұхаммедкәрім