Русский Сайттың толық нұсқасы

Өзбекстанға дипломатиялық нота жолдамайды,- ҚР СІМ

  • AstanaTV
  • 05 мамыр 2020
  • 2576

Қазақстан Өзбекстанға дипломатиялық нота жолдамайды. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты. Мұндай шешім екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа байланысты қабылданды, деді ол. Бұған дейін ақпарат құралдарының бірінде Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громовтың сұқбаты шыққан еді. Онда ол Түркістан облысындағы тасқынға байланысты мемлекет Өзбекстанға ресми хат дайындап жатқанын айтқан болатын. Ал, бүгін Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге қатысты ортақ шешімді жария етт.

Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:


Бұл мәселенің ешқандай саяси сипаты жоқ. Бірнеше мың адам баспанасыз қалды, сондықтан бір-бірімізге қазір нота немесе хат жолдап отыратын уақыт жоқ. Біздің комиссия жедел түрде жұмыс істеп жатыр өзбек тарапымен. Бауырлас халықпен бұл мәселені бірлесіп шешуге ниеттіміз.

Қазіргі уақытта осы жағдайға байланысты Үкіметтік комиссия құрылды. Екі тараптың барлық байланыстары толықтай Конвенцияның нормаларына сәйкес жүзеге асырылатын болды.

Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған Үкіметтік комиссия құрылды. Ертең ол Түркістан облысы мен Өзбекстанға бірлескен іс-қимыл алгоритмін пысықтау үшін барады.

Еске сала кетейік, Өзбекстанда бөгеттің жарылуынан Түркістан облысының бірнеше елді мекенін су басты. 31 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Атқарылған жұмыстардан кейін қауіп сейілген Мырзакент, Ақжол ауылдарының тұрғындары үйлеріне қайта бастады.

Ә. Өмірзақ