Русский Сайттың толық нұсқасы

Энергетика министрі "бензин бағасы тұрақталуы мүмкін" деді

  • AstanaTV
  • 03 қазан 2017
  • 2703

"Бензин бағасы төмендей ме?" Соңғы бірнеше күнде елдің бәрінің көкейін тескен осы сұраққа Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың өзі бүгін қанағаттанарлық жауап ала алмады. Үкіметте есеп берген энергетика министрі баға жыл соңында тұрақталуы мүмкін деген екі ұшты жауап қайырды. Инфляция неге ауытқып тұр, азық-түлік бағасы қашан тұрақталады? Үкімет отырысында қаралған сұрақтарды Айгүл Әдепбай тарқатады.

Айгүл Әдепбай, тілші: 

Халықты алаңдатқан бензін бағасын бүгін Үкімет те еске алды. Энергетика министрі есеп берді. Бензин бағасының неден құбылып жатқанын түсіндірді. Жекелеген жанармай құю станцияларына қатысты әкімшілік іс қозғалғанын айтты. Жыл басынан бері жанармай бағасы 135 теңгеден 150 теңгеге көтерілген. Өсім 11 пайыз.

Ресейден келіп жатқан бензин импорты артқан. Баға сол себепті көтерілді, - деді Қанат Бозымбаев. Дегенмен аталмыш импорт жыл соңына дейін азаймақ. Қазан айында республика бойынша АИ-92 бензинінің орташа тұтыну көлемі 290 мың тонна болады деп күтіліп отыр. Оның 170 мың тоннасын өзіміз өндіріп, 120 мың тоннасын импорттаймыз. Ол дегенің - 40 пайыз.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Қазан айында не болады десеңіз, егер Ресейде баға көтерілмесе, осындай деңгейде 150-155 баға сақталатын болады. Қараша айында 25-30 пайыз максималды Ресей бензині болады. Тұрақты болуы мүмкін. Келесі айда желтоқсанда 20 пайызға түседі Ресей бензинінің үлесі.

Бұл сандарды естіген Үкімет басшысы, бензин бағасы төмендей ме деп, үміттенсе керек. Үміті ақталмаған соң, монополияға қарсы агенттікке бензин бағасын бақылауда ұстауды тапсырды. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Біз импортты қараша-желтоқсанда 20 пайызға төмендетеміз, ал баға төмендей ме? -Баға тұрақталады. -Егер импорт түссе, баға да түсу керек қой. -20 пайыздың бағасы Ресейде қанша болса, соған байланысты болады.

Мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртылғаннан кейін АИ-92 бензинін өндіру 2,2 есеге, АИ-95 9 және АИ-98 6 есеге, дизель отыны 30 пайызға артады, - деп сендірді энергетика министрі.

Өсуді ғана білетін инфляция мәселесін де қарады министрлер кабинеті. 2017 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейін 6,9-7,5 пайыз аралығында күтіп отыр Үкімет. Ал Ұлттық банк төрағасы инфляцияның себебін өзінің түсінігі бойынша түсіндірді. 

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Бағаның өсуін халық та, кәсіпорындар да күтіп отырады. Инфляцияның басты себебі - осы.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Яғни инфляцияға сіз бен біз кінәлі болып шықтық. Ұлттық банк төрағасына сеніп, бағаның көтерілетінін күтпесек, бәлкім, өміріміз арзандап қалар.

Айгүл ӘДЕПБАЙ