Русский Сайттың толық нұсқасы

Төтенше жағдай аяқталғанымен, карантин режимі жалғаса береді

  • AstanaTV
  • 11 мамыр 2020
  • 3428
Елде карантин режимі біртіндеп алынады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, бүгін төтенше жағдай режимін қамтамыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның соңғы отырысында осылай деді. Мемлекет басшысы індеттің екінші кезеңі болуы мүмкін екенін ескертеді. Сол үшін қазақстандықтарға санитарлық шараларды сақтауды тоқтатпауға шақырады.

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз еткен комиссия, бүгіннен бастап экономикалық өсімді қалпына келтіруге ат салысу үшін қайта құрылмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі үндеуін дағдарыстан кейінгі атқарылар шараларға арнады. Ол зейнетақы қорындағы қаржыны баспана алуға жұмсауға рұқсат беру мәселесін де қайта көтерді. Үкіметке мұны шешуге 1 шілдеге дейін уақыт берді. Сонымен қатар, тұрғын үйге қол жеткізу үшін 5 пайыздық жеңілдікпен несие берілмек.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Баспана кезегінде тұрғандардың мәселесін шешу үшін кредиттік тұрғын үймен қамту бойынша «5-10-20» жаңа жобасын іске қосуды тапсырамын. Бұл мақсатқа дағдарысқа қарсы қаражат аясында біз 390 миллиард теңге бөлеміз.

Мемлекет басшысы әлемдегі 400 млн кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр, деді. Өкініштісі, карантин кезінде жұмысы тұралап қалған кейбір қазақстандық кәсіпорындар мен жұмыс орындарын да сақтап қалу мүмкін емес деп отыр. Дегенмен шағын және орта бизнесті қолдауға 6 пайыздық жеңілдікпен несие беруді қолға алған. Шағын дүкендер, сұлулық салондары да жұмысын бастайтын болды. Білім беру орталықтары да жанданады. Ал, ірі ойын-сауық орталықтары әзір ашылмайтын болды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары ол үшін елдегі науқастардың күнделікті өсімі 2 проценттен аспауы тиіс деді.

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Спорт бойынша жаттығулар, ал, мәдениет қызметкерлеріне дайындық жүргізуге рұқсат берілді. Ал, жұмысқа шыққан ата-ана үшін балабақшалардан кезекші топтар ашылады. Бірақ, балабақшалардың жұмыс істеу шарттарын әлі қарастырып жатырмыз. Карантин режиміндегі шектеулерді ескере отырып, әрбір балабақшада 15 баладан аспайтындай болжамды қарастырып.

Ералы Тоғжанов мектептер мен ЖОО-ы қашықтықтан оқуды жалғастыра беретінін айтты. Ұлттық бірыңғай тестілеу болса, бұрынғыдай штаттық режимде өтетінін айтты. Есесіне мектеп бітірушілерге аттестатты тапсыру үшін соңғы қоңырау өтетін болды. Оны 3-4 маусымға ашық кеңістікте ұйымдастыру міндеттелді. Мемлекет басшысы елде төтенше жағдай аяқталғанымен, карантин режимі сақталады деді. Мемлекеттік қызметкерлердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істеуді жалғастыратынын айтты. Ал, қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейтін болды. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс. Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл - ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет. Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін.

Соңғы ақпаратқа сенсек, қазір ел аумағында 5 160 адамнан коронавирус анықталған. Індет құрбандары 32-ге жетті. Аты жаман дерттен бүгін Шымкентте 65-жастағы науқас қайтыс болды.

А. Мүтәлі