Русский Сайттың толық нұсқасы

Алтай Көлгінов ардагерлерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтады

  • AstanaTV
  • 11 мамыр 2020
  • 2424

Жеңістің 75 жылдығына орай Нұр-Сұлтанда 3,5 мыңнан астам адам біржолғы ақшалай төлем алды. Мерейлі мереке қарсаңында елорда әкімі Алтай Көлгінов мемлекет басшысының атынан Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтады. Оларға 1 миллион теңге сыйақы тағайындалған. Сондай-ақ азық-түлік салынған себеттері үлестірілді. Ерлігі ел есінен кетпес батырлар жайлы келесі бейнематериалда.

Биыл пандемияға байланысты әскери шеру ұйымдастыруға мүмкіндік болған жоқ, сондықтан майдангерлерге жаңаша форматта құрмет көрсетілді. Нұр-Сұлтандағы бар жоғы 44 ардагерге мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін арнайы оркестр Жеңіс жырларынан шашу шашты. Елорда әкімі Ұлы Отан соғысының ардагерлерін жеке құттықтап, ілтипат көрсетті.

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз алғысын білдірді. Мұндай марапатты сіздерге жеткізу мен үшін үлкен мәртебе. Қазір шалқып өмір сүріп жатқанымыз сіздердің арқаларыңыз. Сондықтан ұзақ ғұмыр кешіңіздер. Біз және болашақ ұрпақ сіздерді әрқашан үлгі тұтамыз.

95-жастағы Михаил Калинин соғыс жылдарында миномет ротасының командирі болған. Ол Украина, Румыния, Молдавия, Чехия, Польша, Венгрия майдандарында соғысыпты. Кейін құрылыс саласында қызмет еткен. Қазір өзі тұрып жатқан пәтерін де өзі салғанын айтты. Ерлігі еленген заңғар тұлға жомарт жандарға алғысын білдірді.

Михаил КАЛИНИН, СОҒЫС АРДАГЕРІ:

Халыққа, әкімдікке ерекше алғыс айтқым келеді. Ешқашан да бізді ұмытқан емес. Соғыста еркіндік үшін бекер күреспегенімізді жақсы сезіне аламыз. Бізге осындай ілтипаттан асқан марапат жоқ.

Екінші дүниежүзілік соғысқа 1 млн-нан астам қазақстандық қатысса, соның жартысынан астамы елге оралмады. 9-мамыр - Отан үшін от кешіп, соғыстың қанға бөккен даласында қайсарлықпен шайқасқан ардагерлер үшін ерекше мейрам. Жылда асыға күтетін мереке биыл тойланбаса да, батыр бабалар назардан тыс қалмады.

Ғ. Өтемісов