Русский Сайттың толық нұсқасы

Коронавирустың инфекцияны жұқтыру бойынша жағдай тұрақталды, - А.Есмағанбетова

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2020
  • 4051

Коронавирустық инфекцияны жұқтыру бойынша жағдай тұрақталды. Бұл туралы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер мәлімдеді. Соңғы тәулікте- қауіпті індетке шалдыққандардың саны да азайған. Қуантарлығы- жұқпалы дертті жеңіп шыққандар көбейіп келеді. Бұдан бөлек Айжан Есмағанбетова- карантин режимінің қалай жеңілдетілетінін айтып берді. Ел ішіндегі кеселді бақылап отырған әріптесім Асылбек Даниярдың бейнматериалы.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

COVID-19 пандемиясының ілігіне іліккендердің саны 5300-ге жуықтады. Соңғы тәулікте 72 адамның қан сынамасы вирустың барын көрсеткен. Елдің бас санитарлық дәрігері кеселден айығып шыққандардың көбейгенін жеткізді.

Күні кеше коронавирустан 133 адам емделіп, ауруханадан шықса, бүгін тағы 115 науқасты емдеу мекемелерінен босату жоспарланған. Ал, ел аумағында қауіпті аурудан 2100-ден аса азамат дертінен айыққан. Айтуынша, наурыз айында ауырғандар санының өсуі 150 пайызды көрсетсе, соңғы тәуліктерде аурудың өсу көрсеткіші 2,3%-ға түскен. Бір апта ішінде бұл көрсеткіш 5%-дан аспапты. 

Айжан ЕСМАҒАНБЕТОВА, ҚР БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Бұл - біз үшін өте жақсы көрсеткіш, бұл эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғанын көрсетеді. Карантин режимін сақтау керек, бірақ еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты біртіндеп жұмсарып отырады.Әрине, бұл - карантиндік шаралар мен төтенше жағдайдың нәтижесі, соның тиімділігінің дәлелі.

Иә, карантинді режим жұртты әбден мезі қылған анық. Айжан Есмағанбетованың айтуынша оны жеңілдету енді кезең-кезеңімен енгізілмек. Бір апта ішінде ауырғандар саны 5%-дан аспаса - карантин режимін жеңілдетудің екінші кезеңі басталады деді. Бұл шара әр өңірдің эпидемиологиялық жағдайына байланысты қабылданбақ. Ал, инфекцияны жұқтыру көрсеткіші жоғары Алматы қаласында да жағдай қалыпқа келе бастаған. Мегаполистің бас дәрігері 33 емделушінің жағдайы ауыр, 237- сінің жай-күйі орташа ауыр екенін мәлім етті. 

Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, АЛМАТЫ қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазіргі уақытта Алматы қаласында ӨЖЖ аппаратымен емделіп жатқан науқастар да, жай-күйі аса ауыр дәрежедегі науқастар да жоқ. Алматыда аталған вирустан емделіп жатқан адамдардың басым көпшілігінде, дәлірек айтқанда науқастардың 77%-ында бұл сырқат жеңіл түрде өтіп жатқанын, яғни халықаралық тәжірибеге сәйкес олар емдеуді қажет етпейтіндігін және вирусты тікелей тасымалдаушы болып табылатындығын естеріңізге саламыз.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Эпидемиялогиялық жағдай тұрақтасады арқаны кеңге салудың жөні жоқ. Себебі, Президент Қасым-Жомар Тоқаев кешегі мәлімдемесінде коронавирустың екінші толқыны жүруі мүмкін екендігін ескертті.

А. Данияр