Қарағанды облысында 20 бала терезеден құлаған. Оның 4-уі мерт болса, қалғаны мүгедек болып қалыпты. Бұл - соңғы бір жылдағы статистика. Кеше-бері екі бүлдіршін терезеден құлап кеткен. Дәрігерлдер екеуінің де жағдайы ауыр екенін айтады. Балалардың терезеден құлауы неге жиілеген? Әріптесім Айжан Қуаш жауап іздеді.
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
Бүгін таңертең 2 жастағы қыз бала тұрғын үйдің екінші қабатынан құлап кетті. Қараусыз қалған бүлдіршін терезенің торына сүйенбек болыпты. Ал оның алдында Балқашта 4 жастағы бала, 5- інші қабаттағы пәтеріндегі терезеден құлады. Қазір олардың өмірімен дәрігерлер күресіп жатыр.
Қарағандылық балғынның жағдайын ақ халаттылар орташа ауыр деп бағаласа, Балқаштағы баланың өмірен қауіп бар. Мамандар терезеден құлаған кішкентайлардың саны артып келе жатқанына алаңдаулы. Соңғы бір жылда ауруханаға түскен 20 баланың төртеуі жан тапсырған. Қалғандары мүгедек, не ауру болып қалғанын айтты.
Ерлан ШОНБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ТРАВМАТОЛОГИЯ ҚЫЗМЕТІ АХУАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Балқаштағы баланың бас миы, денесі, ішкі органдары зақымданған. Ота жасалып көкбауыры алынып тасталды. 2 жастағы науқасқа келсек оның бел тұсы жарақаттанған. Жалпы балалар аман қалған жағдайда да, олардың денсаулығы құлаған биіктікке, алған жарақаттына байланысты болады. Мүгедек болып қалуы да мүмкін. Сондықтан ата-аналар ойланса екен. Терезенің торына сенуге болмайтынын ересектер әлі түсінбейді. Арнайы бекіткіш құралдар қымбат емес қой, небірң 4-5 мың теңге.
Мына ролик ата- аналарды сақтыққа шақырады. Қазір әлеуметтік желілер арқылы таратылуда. Мамандар қайғылы жағдайлар балалар қараусыз қалғанда орын алатынын айтады.Сондықтан ересектер сақ болса дейді.
Мұрат ҚАТПАНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Насихат жұмысына қарамастан жыл сайын мұндай оқиғаларының саны азаймай тұр. Сондықтан біз балаларды қараусыз қалдырмауын сұраймыз. Терезенің алдынан жиһаздарды алып тастаңыздар. Москиттік торларға сенбеңіздер. Терезелерге арнайы бекіткіштер қойыңыздар. Балалармен үнемі терезеден құлау қаупі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрыңыздар.
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
Бүлдіршіндерді қараусыз қалдырған ата- ана екені анық. Бірақ полиция мен төтенше жағдай қызметі ата- аналарға ескерту жасап, үгіт- насихат қана жүргізеді. Дәл осы терезеден төнген қауіптен баласын қорғамаған ересектерді жауапқа тартатын бізде заң жоқ дейді.
А. Қуаш