Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдық мердігер қара жерге асфальт төсеп, жол салған

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2020
  • 3373

Оралдық мердігер компания қара жерге асфальт төсеп, жол салған. Қыруар қаржы бөлінген жолды осылай «күрделі жөндеп», құтылмақ болған кәсіпкердің кемшілігі анықталды. Биыл қалада 33 көшені жөндеуден өткізу жоспарланыпты. Енді бұл істі құзырлы органдармен қатар, арнайы мониторингтік топ бақылауына алмақ. Ақтөбеде де жағдай мәз емес.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:


Былтыр жөнделген облыстық маңызы бар бірнеше тас жолдан түрлі кемшіліктер анықталды. Жауапты мердігерлерге оны жоюға  нұсқау беріліп, кінәлілер жауапқа тартылған. Бірақ мұндай кем-кетік облыс қана емес, қалада да жетіп артылады.

Бұл - былтыр 700 миллион теңгеге күрделі жөнделген Әлия Молдағұлова көшесі. Бірақ жыл өтпей жатып, жолдың бетоны ыдырап, түрлі шұқырлар пайда болды. Енді мердігерге сапасыз жолды қайта жөндеу міндеттелген. Алайда бұл тапсырма да талапқа сай болмай шығыпты.

Нұрдәулет САМЕТ, БҚО СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Мысал үшін олар күрделі жөндеу жүргізудің орнына тесіктерді жамап, сондай жұмыстармен шектеліп отырды. Бүгінгі таңға дейін жолдың үстіңгі қабатын толығымен алмаған. Сапасыз объект қабылданып, ол сапасыз объектіге мемлекет қаржысы жұмсалатын болса, әрине бұл туралы сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі немесе басқа да тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Демек бірнеше қабаттан тұратын жолдың үстіңгі бөлігі толығымен алмастырылуы керек. Күрделі жөндеу жұмысына жауапсыздық танытқан мердігер бұған міндеттелді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Биыл Орал қаласында 33 көшені жөндеу жоспарланған. Ұзындығы 61 шақырым қалаішілік жолды жөндеуге 9 миллиард теңге бөлініпті. Жол құрылысын енді «Адалдық алаңы - сапалы жол» жобасы мен арнайы мониторингтік топ бақылауына алмақ.Салынғын жолдардың сапасына қатысты сын Ақтөбеде де аз емес екен. Аймақтағы әріптесім Бақыт оның жай-жапсарын айтуға әзір. Бақыт?!

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Рахмет Еркін. Иә бізде де жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде басталып кетті. Бірақ кемшіліктер де жетіп артылады.

Жол құрылысы басталған жерлерде бүгінде асфальт бетон жамылғысының қалыңдығы талаптарға сай болмай жатыр.

Тельман МАЛАЕВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІНІҢ ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫ» АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жанқожа батыр көшесінде асфальт бетон жамылғысының кеуіптілік қабатының төселіп кеткен қабатынан алынған керінің қалыңдығы сәйкес келмей қалды. Жоба бойынша 6 см болатын болса, ол жерде 4,5 см шықты.

Сондай-ақ Заречный-3 елді мекенінде жаяу жүргіншілерге арналған тротуар жолдан да кемшілік табылған. Жоба бойынша жабындының қалыңдығы 15 см болуы тиіс болса, тексере келе жеті жарым см ғана төселгені анықталған. Жалпы, биыл шахардағы 97 көшеге жөңдеу жұмыстары жүргізу қолға аланыпты. Оған қаражат ел қазынасынан бөлінген.

Асхат ШАХАРОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ ӘКІМІ:

Қазіргі таңда жұмыспен қамту бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 13,9 млрд облыс әкімі тапсырмасы бойынша тиісті құжаттарды дайындап, ол жұмыстарды біз бастап кеттік. Қазіргі таңда 170-тен астам шақырым жол жөңделеді. Қосымшы қаржыдан үнемдеп халықтың сұранысы бойынша көшелерді жөңдейтін боламыз.

Әкімдік Ақтөбеде салынып жатқан тас жолдардың алпыстан астамынан сынама алыпты. Солардың бүгінде он сегізінің арнайы талапқа сәйкес келмейтіндігі анықтап, кемшіліктерді жөндеуге уақыт бергендерін айтты.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Жалпы облыс өз алдына, қала көшелеріндегі жолдардың 80 пайызы тозған. Тең жартысы сын көтермейді. Екі-үш жыл бұрын жөнделген жолдардың өзі қазір шұрық тесікке айналыпты.

Б. Рахметова