Русский Сайттың толық нұсқасы

Қақаған қыста жаңа туған сәбиін далаға тастаған "көкек анаға" сот үкім кесті

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2020
  • 3642

Атырауда қақаған қыста жаңа туған сәбиін далаға қалдырып кеткен «көкек» анаға, сот үкім кесті. 22 жастағы Орал қаласының тұрғынына қатысты «қауіпті жағдайда сәбиді дәрменсіз күйінде көрнеу көмексіз қалдыру» бабы бойынша іс қозғалған еді. Бауыр еті - баласын аязға қалдырған қатігез анаға сот қандай шешім шығарды? Туа сала тастанды атанған сәби қазір қайда? Атыраулық әріптесім сауалдарға жауап іздеді.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қыс ортасында сәбиін жылу құбырына тастап кеткен 22 жастағы Орал қаласының тұрғыны екен. Оған қатысты іс Атырау қалалық №2 сотында қаралды. Айыпталушы жұмыссыз, әрі тұрмыста құрмағаны белгілі болды. Ол сотта өз әрекетін толық мойындапты. 


Сәбиінің өміріне қауіп төндірген қатыгез анаға сот жеңілдік жасапты. Ол енді жазасын бостандықта жүріп өтейді. Құжаттың 119 бабы 2 бөлігі бойынша іс қаралып, бас бостандығы шектеу жазасы тағайындалған.   

Боранбай ҒАЛИЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Сот барысында сотталушы мен оның қорғаушысы процесуалдық келісім жасау жөнінде ұсыныс білдірді. Сот үкімімен Айкөркем Хамитова ҚК 199 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, провациялық бақылау белгіленді, сот үкімі заңды күшіне енді.

Бұдан өзге ол жүз сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады. Одан бөлек, «Жәбірленушілерге өтемақы қорына» 26 мың теңге төлеу міндеттелді. Естеріңізге салайық, бұл оқиға 15 қаңтар күні болған еді. Сәбиді көпқабатты үйдің жылу құбырының үстінен қала тұрғыны таңға жуық тауып алған болатын. 

Надежда ПАЛИ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫНЫ:

Жақындап келдім. Көтеріп алмақшы болып ем, екі құбырдың ортасынан сырғып құлап бара жатты. Мен сол кезде бір қолыммен ұстап, екіншісімен демеп әрең шығарып алдым. 

Дәрігерлер сол кезде шақалақтың денесі мұздап, жүрек соғысы төмендегенін айтқан еді. Олар сәбиге ат қойыпты. Ал баласын далаға тастаған тасбауыр ананы полицейлер үш күннен соң тапты. Ал, Оралдық жас ананың Атырауда не істеп жүргені бізге де беймәлім. Оны құзырлы орындар тергеу заңдылықтарына сай ашып айтпады. 

Дәрігерлер Ұлдана Ғалымова деп есім берген нәресте қазір мамандандырылған сәбилер үйінде өсіп жатыр. 4 айға жуықтаған. Мекеме мамандары анасы ата-ана құқынан айырылғанда ғана, басқа отбасына берілетінін айтты.

Б. Надирқызы