Карантин кезінде орын ақысын талап еткен астананың базар басшылығы, саудагерлерге 50 пайыз жеңілдік жасауға келіскен. Осылай деген кәсіпкерлер бұл ұсынысқа да түбегейлі қарсы. Бүгін олар сауда үйінің алдына қайта жиналды. Базыналы халықтың мәселесіне жергілікті әкімдік араласты. Айя Мүтәлі жалғастырады.
Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:
Орталық базардағы айқай-шу әлі де басылар емес. Осыдан екі күн бұрын ғана "базар басшылығы карантин мерзімі үшін ақша талап етіп жатыр" деп шу шығарған жұрт, бүгін де бас көтерді. Бұл жолы араға полицейлердің араласуына тура келді.
Саудагерлерден маза қашқалы 4 күн болды. Ауыр індет елге жетіп, күтпеген жерден дүкендерін жауып кетуге мәжбүр болған олар қазір тіпті абдырап қалды. Базар әкімшілігі қайта-қайта қоңырау шалып, орын ақысын сұрауды қоймай келеді, дейді. Ереуілге шығып, сауда үйінің алдында наразылықтарын ашық білдірген соң, басшылық жеңілдік жасайтынын айтқан. Мамыр айына тиесілі орын ақысын 50 пайыз жеңілдікпен төлеуге болатынын хабарлапты. Мүлдем кіріссіз қалған халық бұған да көнбек емес.
Айсұлу РАХМЕТОВА, САУДАГЕР:
Базардың басшылығы звондады. Осылай аренда төлеңіздер. 50 процент төлейсіздер деп. Оларға біз айтып жатырмыз, қазір қайдан төлейміз ол ақшаны. Займите у кого ни будь, дейді. Ол карантин кезінде кім береді бізге. -қашан айтты оны сіздерге, міне осы 2-3 күн бұрын айтты.
Балжан ИМАШЕВА, САУДАГЕР:
Апрельді полный төлетті. Апрельді полный төлеп қойдық. Апрельде бірақ үйде отырдық. Істеген жоқпыз. Енді қазір майдың жартысын төлеңдер, төлемесеңдер, тұрмайсыңдар дейді.
Ең қызығы, сауда орнының қай күні ашылары белгісіз. Наразы топ сондықтан да аренда құнын алдын-ала жинап жатқандарын түсінбей дал. Қазір төлемесе, кешікен әр күніне 3000 теңгеден айыппұл төлеуді міндеттеген. Онсызда үйде отырып, қарызға белшеден баттық деген саудагерлер кімнен араша сұрарын білмей отыр. Нарызы топты тарқатуға тәртіп сақшылары мен жергілікті билік өкілдері де келді. Алайда, олардың күткені базар қожайыны еді. Екі ортада бар ашуларын жергілікті атқамінерлерден алды.
Арадағы ұзақ теке-тірестен кейін базар иесі де бой көрсетті. Тілдесуге келіскенімен, халық алдына шығудан үзілді-кесілді бас тартты. Оның түйінді сөзін есту наразы топтың белсенділері мен тілшілерге ғана бұйырды.
Алексей ЧУЙЕВ, НҰР-СҰЛТАН қ. «ОРТАЛЫҚ БАЗАР» ДИРЕКТОРЫ:
Енді карантин мерзімі үшін қаржы төлемейсіздер. Сәуір айына төленген ақшаларыңызды, базар жұмысын бастаған күннен бастап есептейміз. Араларыңызда, алдын-ала аренда ақысын төлемей кеткендер де бар. Оларға базар ашылған соң, 2 апта уақыт беретін болдық. Сондықтан, жан-жаққа арызданып, айқайға басудың қажеті жоқ.
Бұдан бөлек, саудагерлер қанша қасарысса да, күзет қызметі мен коммуналдық төлемдер үшін де ақы төлеу міндеттелді. Сауда үйінің директоры оны базар ішінде түрлі дезинфекциялық шаралар үшін қажет деп түсіндірді.
А. Мүтәлі