Русский Сайттың толық нұсқасы

Көптің көмегіне мұқтаж отбасылар неге азаймай отыр?

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2020
  • 2448

Көптің көмегіне мұқтаж отбасылар неге азаймай отыр? Редакциямызға хабарласатын мұндай адамдардың саны өте көп. Олардың ауыр тағдары бізді де бей-жай қалдырмайды. Бірі лашықта тұратын, енді бірі екі бірдей сал ауруына шалдыққан баласын пәтерден-пәтерге арқалап көшіп жүрген жалғызбасты аналардың тағдырын көрсеткіміз келеді. Жәрдемақыға ғана күнелтіп жүрген олар жомарт жандардан үмітті.

Ренат пен Санат, егіз. Олар биыл 14 жасқа келеді. Алғашқы қадамдарын енді жасап жүр. Тәй-тәй жүре бастаған Ренаттың  талабы да таудай. Мақсаты билікке араласып, мұқтаждарға жәрдемдесу. 

Ренат САЙРАН, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазір ходунокпен жүремін. Депутат болу. Оқу керек, жоғары білім, ұмтылу керек оқу орнына. Санат екеуміз жүріп кеткіміз келеді. Мен жүремін.

Айтуларынша, тағдырдың тауқыметін көтеріседі деген әке де жол ортада қос ұлы мен жарын далаға тастап кеткен. Жалғыз қалған ана, балапандарын арқалап ауылдан қалаға ем іздеп келіпті. Сегіз жылдан бері әркімнің пәтерін жалдап, балаларын аптасына екі рет оналту орталығына апарады. Отбасының жазғыз кірісі - науқас ұлдарға берілетін жәрдемақы ғана. Ал олардың 10 күндік еміне 400 мың теңге қажет дейді.

Бота БЕРМАҒАНБЕТОВА, АНАСЫ:

Балдардың алты ай сайын бұлшық еттерін босату үшін диспорт аламыз, оның өзі 200 мыңдай есептегенде болады. Квартирада жүрмін, тамағыммен, киіммен, дәрі-дәрмегімен кейде кетіп қалады. Дәрілерінің бәрі қымбат, бұлардын. Осы екеуін көбіне ойлаймын. Көбіне, түнде әсіресе.

Баспананың зары өткендер аймақта мұнымен таусылмайды. Диабетпен ауыратын Бақытгүл Байзақовада адам аярлық жағдайда күнелтіп жүр. Іші-сырты жұпыны мынау лашық бес жанға пана болып тұр. Ішер тамаққа, киер киімге жарымай отырған отбасына  көршілер қарайласады. Қайырымды жандарда қажеттіні жеткізіп беретінін айтады. Құлайын деп тұрған баспананы жөндеп беретін жан табылса деп отыр.   

Бақытгүл БАЙЗАҚОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қыстай жаман аурып шықтым, аяғымнан жүре алмай қалдым. Іші-сыртын сылап, қораны қоршап берсе. Ер-азамат жоқ, күйеу баладан пайда жоқ. Ішкені арақ. Ақша тапса балдарына киім алып бермей ма, әркімнің киімін киді қыста. 

Бір тілім нан мен қара суды қанағат етуге үйренген кішкентай Жәнелдің арманы асқақ. Дегенмен жақындарының амандығын бірінші орынға қояды. 
 
Жәнел, 7 ЖАСТА:

Әженің аяғы жазылып кетсе, сосын маманың қолы жазылып кетсе. Тәтті тамақ, көп ойыншықтарды армандаймын. 

Бұл отбасының қай-қайсысы болса да, әкімдіктегі баспана кезегіне алынған. Бірақ ол күннің қашан келетінін білмейді. Өйткені баспана алушалардың қатары қалың. Дегенме, олар сауабы молынан жазылатын Рамазан айында қарайласар жандар табылса дейді.  

Ш. Сактапова