Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматылық үлескерлер үйін де, үлесін де ала алмай жүр

  • AstanaTV
  • 19 мамыр 2020
  • 2754

Алматылық үлескерлер екі жылдан бері пәтерлеріне кіре алмай жүр. Құрылыс 2018 жылы аяқталуы тиіс болған. Бірақ әлі күнге көпқабатты үйдің құрылысы бітпепті. Пәтер аламын деп алғашқы жарнасын төлеген. Тіпті, келісім-шарт жасалған. Баспаналы бола алмай, ақшадан да айырылған жұрт бүгін қалалық прокуратураға топтық арыз түсірді. Тақырыпты тілші тарқатады.

Ләйла Жақсыбаева Алматыға Талдықорғаннан қоныс аударған. 2018 жылы Жетісу ауданында салынып жатқан көпқабатты үйді сатып алмақшы болыпты. Қолындағы 5,5 миллион теңгесін алғашқы жарнаға төлеп, қалған соманы компания ұсынған бөліп төлеу шарты бойынша 2 жылға рәсімдеген. Сол жылы құрылысы аяқталады деген баспана сағызша созылып келеді деді.

Ләйла ЖАҚСЫБАЕВА, ТҰРҒЫН:


Бұл алаяқтық болмаса, бәрі дұрыс болса, неге бізге әлі күнге дейін сатып алу келісім-шартын жасамайды? Неге бізге Константин Леонидович жиналыс ашып көрсетпейді? Телефоннан жауап бермейді. Ол бізге дөрекілік көрсетіп, қайда барсаңдар онда барыңдар мен сендерден ақша алған жоқпын деп өзінің жалдап алған жұмысшыларынан көріп отыр.


Тағаты таусылған 22 тұрғын бүгін топтық арыз дайындап, қалалық прокуратуға тапсырды. Осыған дейін де аудандық полиция басқармасына жекелей арыз жазған. Алайда, тергеушілердің ісі де компания құрылысы сияқты созылып кеткеніне ашулы. 

Раушан ҚЫДЫРБАЕВА, ТҰРҒЫН:

Депозитте жиналып тұрған ақша болатын. Сол ақшаны 2017 жылдың 10 мамыр күні банктен шешіп алып, Нұрлы Таудағы кеңселеріне апарып, Акимцевтің өз қолына берген болатынмын. Келісім-шарт бойынша 2017 жылдың желтоқсанында квартираны беремін, деп уәде еткен.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:


Тұрғындар мен құрылыс компаниясы арасында дауға айналған көпқабатты үй - осы. Сұхбат беруден бас тартқан компания басшысының айтуынша, құрылыстың 95 пайызы біткен. Алайда, тұрғындар төлеген қаржыны толық алмадым, есепші маман тарапынан қателіктер болған дейді. Қазір сотта іс жүріп жатыр екен.


Компания директоры сұқбат бермеді. Бірақ мән-жайды түсіндірді. Айтуынша құрылысты аяқтауға қаражат жоқ. Үлескерлерден жиналған ақшаның есебін есепші тапсырмаған. Нәтижесінде құрылыс жұмыстары кешігіпті. Әу-баста пәтердің ақысын бірнеше жылға бөліп төлеу бойынша келісім-шарт жасаған компания, енді толық өтемді талап етуде. Толық төлем жасалмай сату-сатып алу келісім-шарты да жоқ деді. Дегенмен келісі апта аудит жүргізетіндерін айтты. Жалпы көпқабатты қос үйде жетпістен аса пәтер бар.

А. Кемелжан