Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде сегіз жыл бұрын пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үй аянышты халге түскен

  • AstanaTV
  • 19 мамыр 2020
  • 2836

Ақтөбеде салынғанына 10 жыл болмаған көпқабатты үйлер аянышты хәлге түскен. Өйткені оларға бірде-бір рет жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Арнамызға хабарласқан тұрғындар, жаңа үйдің шатыры тесіліп, құбырлары жарылып жатқанын айтты. Ал, жертөлесі судан арылмайды деп отыр. 9 қабатты үй тұрғындарының жанайқайын аймақтағы әріптесім Бақыт Рахметова жеткізеді. 

Мынау - үйдің жертөлесі. Құбырлардан су сорғалап тұр. Баспананың ел игілігіне берілгеніне көп бола қоймаса да, тозығы жеткен. Тұрғындар оған күтім көрмеген соң, осындай күйге түскен деп отыр.

Жантас ҚАМАШЕВ, ТҰРҒЫН:


Бұл жерде ешқандай КСК жұмыс жасаған жоқ. Біз олардың істегенін көрмедік. Жалға берілген үй болған соң айсайын төледік. Бірақ үйіміз не жөндеу көрмеді. Не ауламызды күтпеді. Не шатыр жөнделмеді. Ал сонша жылда төлеген ақшамыз қайда сонда?!

Ардақ ШӘРІПҚЫЗЫ, ТҰРҒЫН:

Бізде басқаратын адам жоқ. Қайда баратынды білмейміз. Жалоба подвалда салқын су кетіп жатыр. Ыстық су труба жарылып кетіп жатыр. Канализация ағып тұр. Оларға құбыр салуға біздің жағдайымыз жоқ.

Тоғыз қабатты тұрғын үйде 144 отбасы тұрады. Пәтерлердің сексен пайызы мемлекеттік қызметкерлерге, қалғаны бірінші, екінші топ мүгедектері мен әскерилерге жалға беріліпті. Тұрғындар айсайын орташа есеппен екі мың теңге көлемінде пәтер иелері коперативіне де төлеп келген. Бірақ осы сегіз жыл ішінде кооператив бес рет өзгеріпті. Қазір тіпті олар бұл үйден бас тартқан деді.  

Қалқыз ШӘРІПБАЕВА, ТҰРҒЫН:

Мына үй аренда үй біз қалай төлмейміз. Төлемесек біз договорға отыра алмаймыз. Акиматқа жылда отчет береміз. Қарызы жоқ деген отчет беріп отырамыз.

Баспана қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің балансында тұр. Бірақ келісім шарт бойынша тұғындар осы үйдің техникалық жағдайына өздері жауапты.

Ақнұр ҚАЗБАЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Үйдің содержаниесіне жұмсайтын қаражат қарастырылмаған. Басқарушы компания №9 осы ортақ мүлікті күтіп ұстауға қазіргі таңда жауапты. Но бірақ олар бұл үйден бас тартып жатыр. Себебі ақша төленбейді дейді. Енді біз бұларға басқарушы компания жиналыс өткіземіз. Ол өз отчетін береді. Ақшаны қалай, қайда жұмсағаны туралы. Ал басқарушы компания №9 алмаймыз десе басқа кск, кондоминуим әкелеміз.

Базыналы халық бұған әкімдікті кінәлайды. Олардың айтуынша әкімдікке қарасты тұрғын үйдердің көпшілігінің күйі осы.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:


Бұл 16-шы үйден бөлек осы маңдағы 15-ші үйде де жертөле суға толған көрінеді. Басындағы жалғыз баспаналары үшін жанұшырған тұрғындар енді кімнен көмек сұрарын білмей отыр.

 Б. Рахметова