Қостанай облысында ауылдық округ атқамінерінің басы дауға қалды. Әкімнің ұлы түн ішінде әкесінің қызметтік көлігімен көл жағасына барып, көңіл көтерген. Карантин тәртібін бұзып, шектен шыққан шенеуніктің баласы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ауыл басшысы үшін хабарсыз кеткен студенттің ісі де бас қайғыға айналды. Із-түзсіз кеткен Руслан Жұбанышовтың туыстары бірнеше ауыл жастарын айыптап отыр. Оның ішінде әкімнің де баласы бар.
Ілияс Омаров ауылын 17 жыл бойы басқарған Қошқарбай Нұртасов үш апта бұрын баласы Таубек қызметтік көлікті рұқсатсыз мініп кеткенін растады. Бірнеше ауыл жастары түн ішінде көл жағасына барып көңіл көтеріп, ішімдік ішкен. Олардың қасында хабар-ошарсыз кеткен Руслан Жұбанышов та болған.
Қошқарбай НҰРТАСОВ, АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМІ:
Рас, менің балам қызметтік көлігімді рұқсатсыз мініп кеткен. Түнде оянғанымда көліктің жоқ екенін байқадым. Дереу балама хабарласып көлікті орнына әкел дедім. Жұмыстан кету туралы мәселені мен кейінірек шешемін. Бәрі анықталсын деп отырмын. Бір Алладан жоғалған баланың аман табылуын сұраймын.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Руслан соңғы рет осы көл жағасында болған. Ол достарымен бірге балық аулауға келген көрінеді. Кейін жағалауда жалғыз қалған бозбаланың қай жаққа кеткені белгісіз.
Көл жағасынан ізім-қайым болған колледж шәкіртін он шақты топ іздестіріп жатыр. Еріктілер мен полицейлер ауыл айналасындағы елу шақырым аумақты түгел сүзіп шыққан. Он жетідегі жасөспірімнен хабар жоқ. Осы ауылда туған баланың адасып кетуі мүмкін емес. Оған қасындағылар қастандық жасады,-дейді анасы.
Татьяна МАЛЬКОВА, АНАСЫ:
Солар ғана істеуі мүмкін деп ойлаймын. Өйткені бұрын мектепте оқып жүргенде баламды үнемі ұстап алып, арақ, темекі беруге мәжбүрлеген. Ол ешқашан із-түзсіз кеткен емес. Үнемі үйге келетін. Сыныптастарымен ауылды аралап сосын үйге оралатын.
Полицейлердің дегеніше, Руслан кешқұрым досына еріп балыққа барған. Көл басында ауылдың ересектеу төрт жігітін жолықтырып, солармен бірге көңіл көтерген. Қасындағылар ауылға қайтамыз дегенде,ол көлік күзетуге қалып қояды.
Нұрлан АРЫСТАНОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Ол төрт адамды оқиға болған кезінде сұрауға алғанбыз куә ретінде. Ешқандай қазір оларға күдік тағатындай бізде негіз жоқ. 2 машинамен көл жағасына барған. Бірақта іс бойынша Руслан Жұбанышов көліктің қасында қалған. Топтан ешкім қалмай ауылға келген. Негізі сол ауылда сөйлесіп отырғанда Руслан Жұбанышов звондайды. Оны тексердік. Кіріс қоңырау бар.
Карантин режимін бұзған ауыл жігіттері түгел әкімшілік жауапкершілікке тартылып,он тәулікке қамалған. Олардың арасында ауыл әкімінің баласы да бар. Ал із-түзсіз кеткен жасоспірімге қатысты «кісі өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ күдікті жоқ. Іс бойынша төрт жүзден астам адам сұрауға алыныпты. Русланды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
З. Санай