Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде жаңа үйден пәтер алған тұрғындар мердігер мекемеге өкпелі

  • AstanaTV
  • 21 мамыр 2020
  • 2130

Ақтөбеде жаңа үйден пәтер алған тұрғындардың үйді салған компанияға өкпесі қара қазандай. Айтуларынша мердігер мекеме жылтыраған жоба ұсынып, ақыр соңында толық бітпеген үйді тапсырды дейді. Көп қабатты үйде не балалар ойнайтын алаң, не аула жөнге келтірілмеген. Оған қоса екі күннің бірінде жарықсыз отырамыз дейді. Тілшіміз Бақыт Рахметова тарқатады.

Бұл үйге тұрғындар өткен жылдың тамыз айында көшіп келген.  Қоныс той тойлап үлгергені сол екен. Жаңа үйдің жыры басталыпты. Жоба бойынша жарқыраған үйдің былығы көп дейді.

Әлия ИМАНБАЕВА, ТҰРҒЫН:

Вентиляция дұрыс жұмыс жасамайды. Үйімізде ылғал тұрады. Тем более коммерциялық ғимараттар әлі сатылмаған. Үйдің іші салқын үйде кішкентай бала бар. Үйде жүн шұлықпен жүреміз.

Нұргүл ЗАКИРОВА, ТҰРҒЫН:

Жобада бәрі әдемі. Көрсеңіз мына үйді танымай қаласыз. Балдарымыз машинамен алысып ойнап жүр. Ойнайтын жер жоқ.Айқаймен соғысып жүрміз. Өздері бізден қашады.

Бұл үйде жүз тоғыз отбасы тұрып жатыр. Барлығы бұл пәтерлерді да жиған тергенін салып, үйлерін сатып алған. Тұрғындардың айтуынша екі күннің бірінде жарық өшіп қалады.

Людмила ЛИДАКОВА, ТҰРҒЫН:

Біз застройщикке звондағанда олар тіпті телефонын сөндіріп тастап, келмейді. Түн ішінде бір электрик шақырып мұқтаж боламыз. Ақшасын тұрғындардан жинаймыз. Канализацияда сол. Бір электрик шақыру он мың, канализация істету он бес мың қиын болып тұр.

Мердігер мекеменің басшылығымен кездесудің сәті түспеді.  Әкімдіктегілер бұл тұрғындардың жайынан хабардар екен. Олар шағым бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген. Құрылысқа жауапты компаниядан олқылықтар кеткенін растап отыр.

Танат ШЕГЕБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ- ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бір ай берілді. Коронавирусқа байланысты нұсқаманың орындалуы шегерілді. Кеше Құқықтың статистика комитетіне арыз бердік. Алла бұйыртса дүйсенбіден бастап нұсқаманың орындалуы бойынша тағы тексеру болады. 


Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Рұқсатсыз салынған алтыншы қабатқа қатысты мердігер бақылаушы мекеменің нұсқамасын толық орындап, тұрғын үйдің құжатын қайта рәсімдеуі тиіс. Осы олқылықтар үшін бірқатар тұрғын үйдің авторлық және техникалық бақылауына жауапты мамандарға айыппұл салынған.

Б. Рахметова