Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңіріндегі тойхана иелері бас көтерді

  • AstanaTV
  • 22 мамыр 2020
  • 5552

Қостанайда тойхана иелері бас көтерді. Кәсіпкерлер бас санитардың қаулысына қарсылық білдіріп, қалалық әкімдік алдына жиналды. Наразы топ шектеу шараларына өзгеріс енгізуді талап етуде. Қаулыға сәйкес қоғамдық тамақтану орындарына келетіндер саны отыздан аспау керек. Ал, рестораторлар кем дегенде 100 адамға рұқсат беруді сұрайды.

Өңірлік жедел штабтың шемімімен мамырдың жиырма бесінен бастап облыстағы асхана, дәмхана, тойханаларға жұмыс істеуге рұқсат берілді. Алайда келушілер саны отыздан аспауы тиіс. Одан көп адам келсе тойхана иесіне әкімшілік іс қозғалады. Қалың кәсіпкер осыған наразы.

Нұрмахан СОПБЕКОВ, КӘСІПКЕР:

Бізге жоқ дегенде 100 адамға рұқсат берсе. Қазіргі таңда 30 адамға рұқсат. Отыз адамға жұмыс істеу мүмкін емес. Отыз адамға істесек біз шығынды ақтай алмаймыз.

Айнагүл ИСАХМЕТОВА, КӘСІПКЕР:
 
Бүкілі отыр үйлерінде. Бізге күнде звондайды қашан шығамыз деп. Уже күн көруге амалдарымыз жоқ деп. Бір екі техничкаларымыз бір жерге жұмысқа тұрды грузчик боп істеп жатыр. Бұл не деген масқара. Күн көру мәселесі деген біздің штаттағы адамдарға қиын боп жатыр.

Үш айға созылған карантиннің салдарынан тойханаларда жұмыс істейтін жүздеген адам жұмыссыз қалды. Мәскеуде аспаз курсын тәмамдап, талай мейрамханада тамақ әзірлеген Наталья Нұржанова ақша табу үшін асхана жағалап кеткенін айтады. Екі баланың анасы тойханалар ашылмаса күн көрісінің қиындайтынына алаңдайды.

Наталья НҰРЖАНОВА, ШЕФ-АСПАЗШЫ:


Ақша жоқ. Қалай күн көретінімізді білмейміз. Қырық екі мың 500 тенгені бір рет ғана алдым. Тезірек тойханалардың ашылуын күтіп отырмыз.


Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Қаладағы тойханалардың көбісінде бірнеше залы бар. Олардың кіретін есігі бөлек, тек ас бөлмесі ортақ. Тойхана иелері тым болмаса әр залға отыз адамнан отырғызуға рұқсат сұрайды.


Әкімдіктің алдына жиналғандарды сабырға шақыруға әкімнің орынбасары шықты. Шенеунік шектеу шаралары мен карантин режимін бұзғандар жауапқа тартылады деген ескертумен шектелді.

Андрей ФИНК, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Туған күн, еске алу астары, түлектер кеші жалпы көп адам жиналатын шараларды өткізуге тыйым салынған. Бұл шешімді біз қабылдамаймыз. Бас санитар рұқсат берсе жұмыс істей беріңіздер.

Орынбасардан ойға қонымды жауап ала алмаған кәсіпкерлер облыстың бас санитары отыратын мекемеге де барды. Ол орнында болмады. Кәсіпкерлер қаулыны қайта қарастыруға арыз жазды. Тойхана иелері карантин талаптарын толық орындауға дайын. Тіпті тойға келетін көпшіліктің қызуын тексеретін арнайы құрылғы, антисептикалық қажеттіліктерді түгел орнатамыз деп отыр. Талаптары біреу ғана : 100-150 адамға рұқсат берсе дейді.

 З. Санай