Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар шаруашылықтар жабылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 25 мамыр 2020
  • 2320

Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар шаруашылықтар жабылып қалудың алдында тұр. Айыртау мен Ғабит Мүсірепов аудандарындағы аграрийлер, Алиби холдингі банкрот болып жарияланғалы тірлігін тіктей алмай келеді. Бақыр тиынсыз қалған компанияларға инвесторлар қол ұшын созыпты. Бірақ күрмеуі қиын мәселе шешілер емес деп отыр. Аймақтағы әріптесім Абзал Құрманкин мәселеге үңіліп көрді.

Ғабит Мүсірепов ауданы Тохтаброд ауылының күні жергілікті кәсіпорынға қарап отыр. Егін және мал шаруашылығымен айналысатын серіктестік бүтін ауылды жұмыспен қамтуда. Алайда, былтырғы жылы шаруашылықтың ісі шатқаяқтап қалды. Диқандарға демеушілік еткен ірі холдинг несиесін төлей алмай банкротқа ұшырап, кәсіпорынды соқыр тиынсыз қалдырған. Енді ірі қарыздың кесірінен сот орындаушылары шаруашылыққа күн көрсетпей отыр екен.

Ринат ЖҰМАБАЕВ, «ТОХТАБРОД ТМ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:


Екі күн бұрын сот орындаушылары бізден егін егетін қондырғыны тәркіледі. Қазір егістік науқаны жүріп жатыр. Бұл техника бізге ауадай қажет. Кәсіпорында 280 адам жұмыс істейді. Егер сот орындаушылары бізге дем бермесе, шаруашылықтың ісі тоқтап қалуы мүмкін.


Жалпы, «Алиби» агрохолдингі жабылған соң, солтүстік өңірлердегі 40 кәсіпорын жер сипап қалған. Бұл шаруашылықтарды қайтадан жаңғырту үшін 27 ірі инвестор іске кірісіп, оларды бөліп алды. Үкіметтің бастамасымен құрылған мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша, шаруашылықтардың мойнында тұрған жер мен мүлік үшін қарызды инвесторлар 15 жылдың ішінде қайтаруы тиіс. Сондай-ақ, алғашқы үш жылға жеңілдік берілген. Бірақ бұл талапқа сот орындаушылары міз бақпай отырса керек.

Мұрат ШАМШИНҰРОВ, «AIZET FARMS» КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:


Біз өзімізге бес шаруашылықты алдық. Жер үшін 1.5 миллиард теңге қарызымыз бар. Техника үшін де осы сома шамасында. Сот орындаушылары бізге қосымша уақыт бергісі жоқ. Бұған қоса біздің мүлігімізді арзанға сатып жатыр. Жуырда 2 757 тонна бидай тұқымын не бары 83 миллионға сатып жіберген. Сосын асыл тұқымды ақбас сиырдың 1250 бас малдың әрқайсысын 132 мың теігеге сатып жіберген. Сонда біздің бидай мен малдың нарықтық құнын 3-4 есе төмендетіп қойған.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Шырылдаған шаруалар бар базынасын арқалап жергілікті билік өкілдері мен құзырлы органдарға жолыққан. Бірақ жауапты тараптың уәдесі сөз күйінде ғана қалып отырған көрінеді. Мәселенің қисыны табылмаса, егістік науқаны нағыз қызған шағында доғарылып, мыңдаған ауыл тұрғыны жұмыссыз қалуы мүмкін, дейді диқандар.

А. Құрманкин