Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі 14 пайызға жетті

  • AstanaTV
  • 25 мамыр 2020
  • 2072

АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі 14-ға жеткен. Яғни 20 миллионнан астам американдық қазір жұмыс іздеп жүр. Індеттен келер қауіп азаймағанымен, көптеген елдер экономикасын қолдау үшін карантин режимін жеңілдетуде. Бірнеше ай үйде қамалған халық мейрамханалар мен жағажайларға ағылуда. Әлемдегі жағдай келесі бейнематериалды.

Нью-Йорк тұрғындары орталық саябақта жаппай қыдырып жүр. Сырт көзге бәрі баяғы қалыпқа келгендей. Алайда жұрт пандемияны да есінен шығармай, індеттің ілмегінен сақтануға тырысады. Дегенмен қауіпті дертті пысқырмайтындары да жоқ емес. Оған Нью-Джерси жағажайларындағы халық дәлел. Мұнда қорғаныш құралдарымен қамданбағандардың қарасы қалың. АҚШ штаттары карантинді жеңілдетті. Әсіресе оңтүстік аймақта кәсіпорындар жұмысына кірісіп кеткен.

Ал Еуропа елдері шектеу шараларын әлсіретудің екінші, тіпті үшінші фазасына көшкен. Осылайша, бүгіннен бастап Мадрид пен Барселона тұрғындары мейрамханаларға баруға мүмкіндік алды. Бір провинцияда тұратын достары және туыстарымен кездесуге де рұқсат етілген. Дегенмен сақтық шаралары қатаң сақталады. Дәмханаларда келушілерді қабылдау екі есе қысқарған.

Марсело ФАНЕР, КӘСІПКЕР:

Тазалыққа қатты көңіл бөлеміз. Қонақтар кеткен соң үстелдер мен орындықтарды дереу дизинфекциялаймыз. Әрбір үстелде келушілер үшін қол жууға арналған арнайы гель бар.

Испанияда қазір 233 мың адам COVID-19 жұқтырған. Бірақ билік вирус жұқтырғандардың көптігіне қарамай, шілдеден бастап туристерді қабылдау туралы шешім қабылдады.

Мигель ИГЛЕСИАС, ЗЕЙНЕТКЕР:

Мен саябаққа келуді әдетке айналдырғанмын. 30 жыл болды. Күнде таңғы 6:30 да келемін. Бүгін кеш ашылды. Дегенмен ашылғанының өзі біз үшін қуаныш.

Ал Германияда шектеу шараларына қарсы наразылық жиілеп кетті. Адамдар мұны авторитарлық режимнің басы немесе жеке бас бостандығын заңсыз шектеу деп түсінеді.

Петра ОБЕРМЕЙЕР, ТҰРҒЫН:

Мен Үкіметке, шектеулерге қарсы наразылық білдіргім келеді. Шынымды айтсам, мен саясаткерлер Парламентте, кафетерийде немесе барда қашықтық сақтамай әрі маскасыз отырғанын көргенімде өзімді алданғандай сезінемін. Карантин тек бізге, қарапайым халыққа ғана қатысты. Онсыз да 2,5 ай үйден шықпадық.

Швециядағы жағдай сәл басқаша. Мұнда карантин мүлде енгізілген жоқ. Мектептер мен балабақшалар, тіпті мейрамхана да жұмысын тоқтатпады. Билік тек, адам көп жиналатын жерлерден аулақ болуды ұсынған.  Содан болар індет жұқтырушылар саны азаймай тұр. Қазір Швецияда науқастардың жалпы саны 33 мыңнан асқан. Төрт мыңға жуық науқас індеттен көз жұмыпты.

Ғ. Өтемісов