Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкенттің балық сатушылары табыстан қағылған

  • AstanaTV
  • 25 мамыр 2020
  • 2502

Шымкентте балық бизнесімен айналысатын кәсіпкерлер тығырыққа тіреліп тұр. Балыққа сұраныс сап тиылған. Айтуларынша, бұған әлеуметтік желіде тараған жазба себеп. Жеке кәсіпкерлер карантин кезінде қызған саудамыз қаңқу сөздің кесірінен тоқтап қалды деп отыр. Саудасы тоқтаған бір топ кәсіпкердің базынасын әріптесім Айзада Төребекқызы баяндайды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бұл көше Шымкенттегі балықтың нүктесі саналады. Көтерме сауда дүкендері қаз қатар орналасқан. Алайда қазір көріп тұрғанымыздай кейбірінің есігі тарс жабық. Өйткені, алушы жоқ.  


20 жылдан бері балық сатуды кәсіп қылған Кәміл Қасымбек бүгін дүкенін тіпті ашпапты да. Тоңызытқышында 1 тонна балық қатып тұр. Кәсіпкер әдетте күніне кемі 200 келі сатып қоятынмын,- дейді. Ал қазір сатуға шығарған санаулы балығы да өтпеген. Енді ол тауарын тастауға тура келеді деп отыр.    

Көтерме саудамен айналысушылардың айтуынша балық саудасы соңғы бес күннен бері тоқтапты. Бірлі-жарым өткеніне қанағат қылуға мәжбүрміз дейді. Тіпті дәмханалардан да сұраныс сап тиылған. 

Шамрат ӘСЕМОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

Сардоба су қоймасы жарылғалы Қазақстан бойынша «балық ауру» деп әлеуметтік желіде таралып жатыр. Күнделікті шығын 100 мыңнан миллионға дейін барады.


Кәсіпкерлердің білуінше Шымкент қаласы бойынша елуге тарта балық сататын орын бар. Күніне ол жерлерде 15 тоннаға дейін балық сатылады екен. Ал қазір 100 келі де сатылмай қалды, дейді. Айтуларынша мұндай қиындыққа өзге облыстағы серіктестері де тап болыпты.  

Ләззат МЫРЗАЛИЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:
 
Негізі біздің жұмысымыз продукты болғаннан кейін ол мүлдем карантитнге қатысы жоқ. Саудамыз өте жақсы жүріп жатыр еді, осы жалған ақпараттан кейін нөл боп тоқтап қалды саудамыз.

Гүлжан ТӨРЕБЕКОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:
 
Бізге келіп жатқан балықтар Шардарадан, Көксарайдан келеді, Бөгеннен келеді, Балхаштан келеді, Атыраудан келеді. Ешқандай бұл жерде ауру балық жоқ. Ол ауру балықты сататындай біздің басымыз екеу емес. Күнделікті мамандар, ветеринарный нелердің барлығы өтеді.


Кәсіпкерлердің дені бар балықты қоймада сақтаумен шектеліп отыр. Алымсақ жоқ. Желіде тараған қаңқу сөзді балық шаруашылығындағылар да теріске шығарды. Бұған дейін мамандар Мақтаарал ауданына топан сумен ағып келген балықты жеуге тиым салғанын айтқанбыз.

Шәкен БОРАНБАЙ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Сардоба Өзбекстандағы орналасқан су қоймамен Сырдария өзенінің екеуінің ұзақтығы, алшақ жатқандығы белгілі. Сырдария өзені мен Шардара су қоймасына балықтың ешқандай бұл ауру балықтың қатысы жоқ екенін мен ресми түрде мәлімдеймін.


Балық шаруашылығының өкілдері Өзбекстанның Сардоба су қоймасынан келген топан су Сырдария өзеніне құйылмағанын сенімді түрде мәлімдеді. Жалған ақпарат таратқандарға заң шеңберінде жаза қолданылатынын да ескертті.

А. Төребекқызы