Алматының қақ ортасындағы ірі базарлардың бірінде атыс болды. Оқиға тапа тал түсте Ыбырай Алтынсарин көшесі бойында болған. Деректерге қарағанда саудагерлер мен базар күзетшілері автотұраққа таласып қалыпты. Анық-қанығын Аршын Кемелжан біліп қайтты.
Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:
Әлеуметтік желіде желдей ескен Алматыдағы атыс менің артымдағы Сары Арқа базарында болған. Куәгерлердің айтуынша дауласып қалған екі топ мәселелерін суық қарумен шешпек болыпты.
Пышақтан кейін күзетшілер мен саудагерлер қолдарына тапанша алыпты. Сөйтіп олар бірін-бірі Ұлықбек көшесіне дейін тырқыратып қуған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Бұл кикілжіңге қатысты Базар әкімшілігі тіс жармады. "Іс - құқық қорғау органдарының құзырында", деп құтылды. Саудагерлер де ақ-қарасын ашып айтпады.
Жаппай төбелеске қатысқандар сол күні ұсталды. Пышақ ұстағанда, тапанша асынғанда, уақытша оқшалау абақтысында отыр. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Салтанат ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Бұл фактіні Әуезов аудандық ПБ ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі бойынша тергеуде. Қылмыс құралы - газ пистолеті тәркіленіп, сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді. Атыстың салдарынан жарақат алғандар жоқ.
Зардап шеккендер болмағанның өзінде бұзақылар Заң алдында жауап береді. Өзгелердің өміріне қауіп төндіргендер 3-тен 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
А. Кемелжан