Русский Сайттың толық нұсқасы

Суы, жолы және жарығы жоқ аудан, тұрғындардың жүйкесін жұқартты

  • AstanaTV
  • 29 мамыр 2020
  • 3577

Суы, жолы және жарығы жоқ Қарасай алқабы тұрғындардың жүйкесін әбден жұқартқан. Тараз қаласына қарасты ауданның осы күйде күн көргеніне бірнеше жыл болыпты. Халықтың барар тауы, басар тасы қалмады. Жергілікті биліктен күдерін үзген жұрт ақпарат құралдарынан көмек сұрады. Жоқтықтан шаршаған елмен Берік Жұмабайұлы кездесіп қайтты.

Берік ЖҰМАБАЙҰЛЫ, ТІЛШІ:

Қала тіркеуіндегі Қарасай алқабының тұрғындары қараусыз қалдық деп қала әкімдігіне қапалы. Олар көшелерімізде жарық, не жол жоқ дейді. Мыңға тарта түтіні бар алқабтың тұрғындары тіпті мектеп пен балабақшаның жоқтығына күйінеді.


Әділет БАЙҒАБЫЛОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Не мектеп не садик жоқ, не медпункт жоқ, не асфальт жоқ, не көше жоқ, не свет жоқ. Білмеймін мен бұл қандай қала.

Алғашында мәселемізді тілшілер тыңдасын деп шақырған тұрғындарды табалмадық. Сөйтсек мұнда әлі күнге дейін көшеде көше атауларын білдіретін тақтайшалар ілінбеген екен. Шамамен үш мыңнан астам адам тұратын бұл алқап шынымен өркениеттен тыс қалғанын көзімізбен көрдік. Қалада бірнеше әкім ауысты. Ауданға соның бірі аяқ баспапты.

Ақайша КӘДІРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мына халықтың мұңы кімге қажет. Біз ешкімге қежет емеспіз. Ал светтің, газдың ақшасын он күн төйлемей қойш қиямын деп жалпылдап жетіп келеді. Қиямын, неге төйлемейсің сен дейді. Ал мына асфальтті, неге хылықты жағыдайын істемейді.

Шеттегі Қарасай алқабы былай тұрсын, қаланың қақ ортасында орналасқан Кошевой көшесінің де көрген күні осы. Су құбырлары мұнда соңғы рет 1967 жылы ауыстырылды. Орталықтандырылған кәріздік жүйе деген мұнда атымен жоқ.

Саймасай МОЛДАШБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
 
Атқылап шығып кетеді. Оны өзіміздің күшімізбен алып, хамут қойып байлап тастаймыз. Қалалық нелерге звандаймыз келмейді авариялар. Қаланың ортасында тұрмыз. Канализация жоқ, не свет жоқ мына көшеде.

Жұртпен кездесуге бүгін жергілікті атқару билік өкілдері де келді. Журналистердің келгенін естісе керек сірә. Бірақ, сөздері өтпеді. Уәдесін төкті көнбеді. Өтірік деп халық сенбеді.

Зият ТҰРСЫНҰЛЫ, ТҰРҒЫНЖАЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жолдың мәселесін су жүргізбей шеше алмаймыз. Біз былтырғы жылдан бастап, су мәслесін проектно-сметный документация қалалық бюджеттен қаражат бөліп, биылғы жылы бір айдың көлемінде экспертизадан шығады.

Шенеуніктердің айтуынша, барлық мәселе шешіледі. Тек уақыт керек. Нақты қашан? Ол жағын басшылар әзірге ашып айтпады.

Б. Жұмабайұлы