Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында ауыз су тапшылығы жойылмай келеді

  • AstanaTV
  • 02 маусым 2020
  • 3016

Алматы облысына қарасты Аймен кентінің тұрғындары ауыз судан тарығып отыр. Редакцияға телефон шалған көрерменнің айтуынша, су тапшылығы жылдар бойы шешілер емес. Жаз шықса болды ауыл- судан ажырап қалады. Аптап ыстық күндері- халық суды көрші ауылдан тасуға мәжбүр. Мәселені жергілікті әкімдік жақсы біледі. Сан мәрте арыз да жаздық деді ауыл тұрғындары. Алайда нәтиже жоқ. Амалы таусылғанын айтқан аймендіктердің уәжін алдымен тыңдап көрейік. 

Аманбол ҚАБЫЛҚАҚ, АЙМЕН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2012-де полный водопровот есіктен прямой тартып береміз деген. Сонымен сөйтіп айтты. Ол әкім ауысып кетті. Одан басқа бір әкім келді. Ол келді де, келесі жылы болады деді. Сонымен жылда әкім ауысады. Сонымен жылдан жылға солай қала береді, қала береді.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Алматы облысының атқамінерлеріне шығып көрейік. Бізбен байланыста Еңбекші қазақ ауданы «Бөлек» ауылдық округінің әкімі Асыл Изиев бар екен. Асыл Серікұлы, Қайырлы кеш! Сіз тікелей эфирдесіз. Жергілікті халықтың шағымын естідіңіз. Әкімдер ауыса береді, бірақ мәселе қала береді. Бұған не айтасыз?

Асыл ИЗИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ «БӨЛЕК» АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Әкімдер ауыса береді болғанда, менің мұнда істеп жатқаныма 6 жыл болды. Енді су мәселесіне келер болсақ. Бүгінгі таңда ауа-райының, күннің ыстығына байланысты судың қысымы су құбырларында аз болып тұр. Сондықтан Аймен аулының кейбір жерлерінде су аз болып тұр. Бүгінгі таңда республикалық бюджеттен 4,5 млрд қаражат бөлінді. Соның жұмысы осы айдың басында басталды. Водовозымыз бар. Ол Айменге ғана емес, басқа да 9 ауылға су тартылады. Өйткені, біз Есік қаласынан су алып отырмыз.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Тоқ етерін айтыңызшы! Мәселе нақты қашан шешіледі?

Асыл ИЗИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ «БӨЛЕК» АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Жұмыс басталды. Күзде бітеді. Келесі жылдан бастап жеткізіледі.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Рақмет сұхбатыңызға! Естеріңізге сала кетейін, бізбен тікелей байланыста болған «Бөлек» ауылдық округінің әкімі Асыл Изиев. Біз өз тарапымыздан мәселені бақылайтын боламыз. Бізге жүгінген әрбір көрменнің өтініші жерде қалмайды. Міндетті түрде өз нәтижесін көрсетеді. Оған мына бір видеода дәлел бола алады.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Бұдан бөлек, кеше ғана Елорданың іргесіндегі Қосшы кенті тұрғындарының да мәселесі шешілді. Электр жарығысыз қалдық деп шағымданған халыққа Қосшы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нұрлан Атош жауап берген. Шенеунік бізге берген уәдесін тұрып, тұрғындарға электр қуатын қостырған. Сүйіншілеген ауыл халқы алғыстарын жолдапты. Құрметті көрермен, егер сізді де алаңдатқан мәселе болса, экранда көрсетілген байланыс нөмеріне хабарласыңыз! Біз сізбен тікелй эфирде жауабын іздейміз!

А. Мүтәлі