Алматы маңындағы блок-бекетте әріптестерін көлікпен қағып, "әдейі өлтірді" деген күдікке іліккен экс-полицей өмір бойына бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлайды. Ал баласы Дастан Әбдіқановтан қапыда көз жазған анасы дүйім-жұртты алып-қашпа әңгімеге сенбеуге шақырады.
Жанатгүл апа 26 жастағы баласынан айрылып қалғанына әлі күнге сене алар емес. Десе де келінінің әлеуметтік желіге салған жазбасына қатысты пікірін білдірді.
Жанатгүл ӘБІРОВА, Д.ӘБДІҚАНОВТЫҢ АНАСЫ:
Ботадай боздап қалған мен сияқты аналардың басына түскен қайғы деп ойлаймын. Менің келінім сол күні пост жазды, ол шындықты жазды, сол посттан кейін халық дүрлікті. Біз бір-бірімізбен отырып, сөйлесіп, ақылдасып отыратын жағдайда болған жоқпыз.
Қайғылы оқиғаны жасады деген күдікті Азат Азаматов қазір қамауда. Ол Шаңырақ ықшам ауданында ата-анасымен бірге тұрған. Оның анасы да болған жайтқа сенбейді.
Осыдан он күн бұрын Көксай ауылындағы блок-бекетте BMW автокөлігі бекетті бұзып өтті. Жантүршігерлік апаттан қызметтік көлікте отырған екі полицей қаза тапты. Тағы біреуі ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайы жақсарғанын айтты.
Александр РОМАНЧИК, ҚАЛАЛЫҚ №7 КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ НЕЙРОХИРУРГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Қазіргі уақытта науқастың жағдайы клиникалық және неврологиялық тұрғыдан қалпына келді. Емделуші бейінді нейрохирургиялық бөлімге ауыстырылды. Десе де емдік шаралар әлі біраз уақыт жасалынуы қажет.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Қайғылы оқиға қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қалалық полиция департаменті әріптестерінің өліміне себеп болған күдіктінің өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін де айтты.
Ә. Лесбек