Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда ауыз су кестемен берілетін болды

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2020
  • 3468

Биыл Оралда ауыз су кестемен берілетін болды. Өйткені шаһарды тіршілік нәрімен қамтып отырған "Жайық" өзенінде су азайған. Ал, тұрғындар бұған наразы. Коммуналды қызмет ақысын уақытылы төлеп отырған соң, соған сай қызметтің болғанын талап етеді. 

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Енді оралдықтардың өмірі ауа райына тәуелді болмақ. Яғни күн ысығанда шелек-табақты суға толтырып, күні бұрын қамдануы тиіс. Әйтпесе судың қысымы төмендесе, жоғары қабатқа жетпей қалуы да мүмкін. Ал сусыз өмірдің қаншалықты азап екендігін көпқабатты үй тұрғындары соңғы үш-төрт жылдан бері өте жақсы біледі.

Шаһарды сумен қамтитын "Батыс су арнасы" кәсіпорны жазда суды пайдалану күрт көбейетінін айтады. Сондықтан суды арнайы кестемен беру туралы шешім қабылдапты.

Қайырғали ИМАШЕВ, "БАТЫС СУ АРНАСЫ" ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Биыл Жайық өзенінде су аз әрі жерасты ұңғымаларындағы су деңгейі төмен. Қаладағы өнеркәсіп орындары мен дәмханалар толық жұмыс ырғағына көшкесін, су қазіргіден де көп мөлшерде жұмсалады. Сондықтан қаланың жекелеген аудандары мүлдем сусыз қалмауы үшін ауыз суды кестемен береміз.


Ай сайын коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлейтін тұрғындар мұнымен келіспейді. Яғни, ақысы төленген қызмет толығымен көрсетілуі тиіс. Бұл - нарық заңы.

Манарбек КУШАЛИЕВ, ТҰРҒЫН:


Егер мен су үшін екі ай ақша төлемесем, олар суды кесіп тастайды. Ал мен су, газ, свет, тағы басқаларының ақшасын ай сайын төлеп отырмын. Енді келіп, олар біздің жағдайымыз қиын, түсін дейді. Бұл енді баланың әңгімесі ғой.

Күн сайын 50-55 мың текше метр сумен қамтитын "Жайықтың" да жағдайы мәз емес. Өзеннің суалып кеткені соншалық, былтыр су мекемесі насос стансасын төменге орнатуға мәжбүр болған.

Шынболат ЕРМАҒАМБЕТОВ, «ҚАЗСУШАР» РМК БҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕР-ГИДРОТЕХНИГІ:

Биыл да, былтыр да өкінішке қарай, "Жайық" өзені бойынша су тапшы болып тұр. Салыстырмаға келсе, мысалы мұндай су тапшылығы 1967 жылдан бері қайталанбаған. Содан 2019 жылы, тіпті анау 67 жылдан да төмен болды.


Қазір қала тұрғындары ауыз су үшін 251 млн. теңге қарыз. Борышкерлермен күресті күшейту үшін "Батыс су арнасы" мониторингтік топ құрған. Бұл топ суды көп шығындайтын көлік жуу орындарына үнемшіл болу керектігін ескертіп жүр. Енді бұл жұмыс тұрғындар арасында да жүргізілмек.

Е. Карин