Русский Сайттың толық нұсқасы

Той-бизнесінің елордалық өкілдері әкімдік алдына жиналды

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2020
  • 2987

Той-бизнесінің елордалық өкілдері бүгін әкімдік алдына жиналды. Олар тойханаларды ашуды талап етті. 3 айдан бері табыссыз отырғандарына ашулы жұрт, 42 мың 500 теңге "жыртыққа жамау болмады" дейді. Мейрамхана қожайындарының шашбауын көтере келгендердің қарасы қалың. Бірі несие "бүйректен қысты" десе, енді бірі жалдамалы баспанаға ақша таба алмай отырғандарын айтады.

Бұл елордадағы мейрамхана қожайындары, олардың арасында аспаз, даяшы секілді қызметкерлері де бар. Тіпті асабалар мен әртістер де осында. Мақсаттары біреу - мейрамханаларды ашуға рұқсат алу. Той-бизнеспен күн көріп жүргендер, пәтер ақысын төлей алмай отырғандарын жеткізді.

Ерлан ЕСЕНМҰРАТОВ, ТОЙХАНА ӘКІМШІСІ:

Қарапайым жұмыскерміз. Мен 3 ай үйде жатырмын. Азық-түлік, жүріп-тұруым бар, 42 500 қайда жетеді? Пәтер ақысын қалай төлеймін?!

Жиналғандар адам көп жүретін сауда орталықтары, дәмханалар ашылып, тойханаға рұқсат берілмегеніне наразы. Олар санитарлық ережелерді қатаң сақтауға да дайынбыз, - дейді.

Эльмира, ТОЙХАНА ИЕСІ:

Тепловизор, санитайзер, маскаларды да алып қоюға дайынбыз. Бірақ бізге рұқсат бермей отыр, мынадай нормаларды сақта десе дайынбыз. Үш айға несиемізді шегерді. Бірақ үш ай өтті, енді алда төлеуіміз қажет. Ал тойға әлі рұқсат жоқ.

Наразы жұртқа құлақ түрген әкімдік, той өткізуге қатысты шешімді Бас мемлекеттік санитар қабылдайтынын айтты. Халықты сабырға шақырып, жиналғандардың уәжін санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жеткіземіз деп уәде етті.

Руслан ЫДЫРЫСОВ, ҚАЛАЛЫҚ САУДА ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САЛАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Біз санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен бірге бұл мәселемен айналысамыз. Өйткені санитарлық нормаларды бекітетін солар. Неше адамға дейін кіргізуге болады, санитарлық жағдайды қалай бақылау керек сол жағын шешеді. 

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Өтініш-талаптарын қағаз бетіне түсірген мейрамхана иелері, әкімдік өкілдерімен дүйсенбі күні қайта кездесетін болып келісті. Жақынарада тойханалардың жұмысы қайта жанданады ма, жанданбайды ма сол күні белгілі болады.

Ә. Өмірзақ