Русский Сайттың толық нұсқасы

Алдағы бес жылда мектептердегі орын тапшылылығы 500 мыңға жетуі мүмкін, - ҚР БҒМ

  • AstanaTV
  • 04 маусым 2020
  • 2077

Мектеп директорлары табысын молайта алады. Ол үшін аттестациядан өтсе болғаны. Бірақ сынақтан сүренсе орнын босатады. Бұл туралы бүгін білім және ғылым министрі айтты. Асхат Аймағамбетов алдағы бес жылда мектептегі орын тапшылылығы 500 мыңға жетуі мүмкін деп отыр. Министрдің онлайн есебін тындаған әріптесім тақырыпты жалғастырады.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Бүгін Білім және Ғылым министрі халыққа онлайн-есеп берді. Өткен оқу жылын қорытындылап, келер жылға тоқталды.


Оқушы сапалы білім алу үшін, оқу ордасындағы жағдай маңызды деген Асхат Аймағамбетов мектептердегі орын тапшылығын қалай шешетінін айтты.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:

Елімізде 54 апатты мектеп, үш ауысымда жұмыс істеп тұрған 183 мектеп бар. 168 мың орын тапшы. Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларда нақты көрсеткіштер берілген. Алдағы уақытта 800 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. 80-інің құрылысы биыл бітеді. үш ауысымды мектептердің проблемасын шешіп, тек бір маусымды етуді көздейміз.

Ал мектеп директорларына қатысты екі ұшты жаңалық айтты. Арнайы аттестат тапсырып, табысын көбейтуге болады деді. Ал, сынақтан өте алмай қалса, жылы орнын босатуға мәжбүр болмақ.  

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:

Кейбір директорларды орындарынан алып тастау мүмкіндігі пайда болады, кейбірлеулері орындарын өзгертіп, басқа мектепке тағайындалуы мүмкін. Ал жақсы, тиімді істеп жатқан басшылар үстемақы алып, жұмыстарын жалғастырады.

Орта білімнен жоғары оқу орынан көшкен министр мұндағы оқытушылардың да айлығын сөз етті. Ғылыммен шұғылданып жүрген оқытушылар арасында болмашы жалақы алатындары да бар дейді. Табысты молайтудың жолдарына тоқталды. 

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:

Грант құнының көтерілуі педагогтардың да еңбекақысын арттыруға ықпал етуі тиіс. Кей оқу орындарында оқытушылардың еңбекақысы 70-80 мың теңге екені айтылады, бұл - қабылдауға келмейтін цифрлар. Соңғы жылы кей жерде 70%, кей жерде - 50%, 20% еңбекақы көтерілді. Бірақ, мемлекеттік тапсырыс құны көтерілген соң, әлі де ЖОО профессорлық-оқытушылық құрамының жалақысын арттыру мүмкіндігі бар.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Баласы мектеп жасындағы ата-аналарды мазалаған басты сұрақ, біреу. Ол - жаңа оқу жылы мектеп қабырғасында басталады ма әлде қашықтықтан ба? Министр екі жағдайға да дайын болу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, қашықтықтан оқыту арқылы білім беру методикасын жетілдіруге күш салатынын жеткізді.

Ә. Өмірзақ