Русский Сайттың толық нұсқасы

Қала тұрғындары көп қабатты үйдің ауласына жатақхана салуға қарсы

  • AstanaTV
  • 05 маусым 2020
  • 3081

Қостанайлықтар қала билігін сотқа бермекші. Олар көп қабатты үйдің ауласына жатақхана құрылысын салуға қарсы. Әлеуметтік нысан медицина колледжінің шәкірттеріне салынып жатыр. Ұлтарақтай жерге 9 қабатты жатақхана бой көтерсе, айналасындағы үйлерге Күн түспейді. Тіпті аулада балғындар ойнайтын алаң болмайды,-дейді қалың жұрт. 

Екі тарап: тұрғындар мен басқарма екі жылдан бері дауласып келеді. Тұрғындар жатақхана құрылысына түбегейлі қарсы. Ал құрылыс және сәулет басқармасы наразылыққа қарамастан құрылысты бастап кеткен. 

Вера КРЮКОВА, ТҰРҒЫН:

Ең әуелі тұрғындармен қоғамдық тыңдау өткізген жоқ. Құрылысты бастамастан бұрын халықтың пікірін білмей ме? Бізді адам санатына қоспағаны ғой, сонда. Әлде біздің пкірімен санасайпын дегені ме?


Валентина МАРТЫНЮК, ТҰРҒЫН:

Күн жарығы түспейін деп тұр. Әсіресе төменгі қабаттар мәңгі қараңғылықта қалмақ. Бұл маңға қаншама ағаш отырғызып, айналасын жасыл-желекке айналдырдық. Соны түгел кесіп,тас-талқанын шығарды.

Тұрғындар құрылыстың салдарынан ыстық судан қағылдық десе, тағы біреулері жатақхана көп қабатты үйге тым жақын салынып жатқанын айтады. Ал заңгер Ерлан Оспанов бірқатар заңбұзушылықтар жөнінде қалалық сотқа талап-арыз түсіргенін жеткізді. 

Ерлан ОСПАНОВ, ЗАҢГЕР:

Маусымның бірі күні тұрғындар қалалық сотқа талап -арыз түсірді. Онда он үшінші баптың өрескел бұзылғанын көрсеттік. Өйткені кез-келген құрылыс нысанын салу үшін әуелі тұрғындардың пікірі ескерілуі тиіс. Алайда тапсырыс беруші, яғни мемлекеттік мекемелер ешкімге ескертпеген. Құрылыс жөнінде алдына ала хабарламаған.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Бұл маңдағы көпқабатты үйлердің балғындары да төрт қабырғаға қамалып, аулаға шығудан қалған. Өйткені ойын алаңдары камаздар мен крандардың орынына айналған. Тұрғындар баламызды басып кетер деп далаға шығармай отыр.

Дауға айнаған бұл жер телімі әуелде медицина колледжіне тиесілі болған. Екі жыл бұрын 9 сотық жер сәулет-құрылыс басқармасына беріліпті. Енді басқарма білім ошағының іргесінен жатақхана салуды көздеп отыр.

Берік ТАҢЖАРЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
 
Жер таңдау бойынша заңды түрде жасалды. Проект жұмыстарының бәрі экспертизадан өтті. Алаң құрылыс нормаларына сәйкес келеді.

Жоспар бойынша жыл соңына дейін көпқабатты үйдің ауласында 250 орындық жатақхана бой көтермек. Мердігер межелі жұмысқа қызу кірісіп кеткен. Қала тұрғындары қайткенмен құрылысты тоқтатамыз деп отыр. Соттан қайыр болмаса, наразылық шараларын күшейтуге бел буған
 
З. Санай