Русский Сайттың толық нұсқасы

Елорда іргесіндегі «Жібек жолы» ауылы тұрғындары ауыз суға мұқтаж

  • AstanaTV
  • 05 маусым 2020
  • 4753

Елорданың іргесінде «Жібек жолы» ауылы ауыз суға жарымай отыр. Су тапшылығынан тіршілік нәрі күніне жарты сағатқа ғана беріледі. Оның өзінде тамшылап ағатынын айтқан халық, арнамыздан көмек сұрады. Елді-мекен халқы жаз басталасалысымен көретін күніміз осы, - дейді. Амалы таусылған жұрт шалшық суды қолдануға мәжбүр. Ауыл ақсақалдары әкімдіктің табалдырығын тоздырдық деп отыр. Алайда «Баяғы жартас, сол жартас».

Бас қаладан небәрі 15 шақырым жердегі «Жібек жолы» ауылының ахуалы осы. Зәулім-зәулім үйлер. Бір қарағанда адам армандайтын мекен болып көрінгенімен, жұрттың мәселесі шаш етектен. Көпшілік жазды асыға күтсе, ауыл халқының көңілі жазда жабырқайды. Себебі судан тарығады.

Айтмұхаммед Ғаппасов - ауыл ақсақалы. Зейнет жасына келсе де шалшықты суды пайдалануға мәжбүр. Себебі ауыз су күніне жарты сағатқа ғана беріледі. Оның өзінде тамшылап, ағады дейді. Ақсақалдың айтуынша, мұндай жағдай жылда қайталанады.  Ол түйіткілдің шешімін іздеп талай жүгіргенін айтады. Алайда не ауыл әкімі, не аудан басшыларынан жарытып жауап алмапты.

Айтмұхаммед ҒАППАСОВ, «ЖІБЕК ЖОЛЫ» АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жерден аламыз суды. Бұл су жазғытұрым жиналған сулар осы жерге анау жерде қазылған кановка арқылы осында жиналады. Енді вынужданы, балалардың киімін жуу керек.


Тұрғындардың бір бөлігі шалшықтан су алса, енді біреулері аула маңынан ұңғыма қазып алған. Алайда бұл да мәселені шеше алмады. Өйткені онда су ішуге жарамсыз. Ал, тамшылап ағатын суға көңілі толмағандар үйіне арнайы насос орнатып қойыпты. Осының салдарынан қалың жұрт тамшы судан да қағылып отыр. 

Айгерім ӨТЕМІСОВА, «ЖІБЕК ЖОЛЫ» АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жаздың күні осылай полив дейді. Әкімнің алдына бернеше рет бардық. Айтатыны халық саны көптігіне байланысты насос кішкентай, напоры жетпейді деп айтады.

Ашынған халықтың шашбауын көтеріп, түсірілім тобы ауыл әкімдігіне барып едік, іштегі мамандар есігін бекітіп алды.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Судан қысылған жұрттың сауалына, жауап іздеп ауыл әкімімен кездеспек болдық. Өкінішке орай әкімді жұмыс орнынан таба алмадық.

Десе де, жұмысында жоқ әкімнен ұялы байланыс арқылы хабарластық. Аптап ыстықта ұңғымаларда су азайып кетеді деді. Әкім «мәселені шешуге тырысып жатырмыз»- деген үйреншікті жауабын бізге де қайталады. 

Ғабдулғайып РЫСПАЕВ, «ЖІБЕК ЖОЛЫ» АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

10 шақты қазылған скважина бар. Соны 5-6 бір станцияға қосып, Алла амандығын берсе күзде бір станция ашамыз деп отырмыз. 

Ауыл әкімінің пайымдауынша, құбыр тарту жұмысы шамамен бір жылға созылады. Алайда бұл процеске әдеттегідей, неше түрлі факторлар әсер етуі де мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Ғ. Өтемісов