Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда демалыс күндері шектеу шаралары күшейеді

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2020
  • 2742
Алдағы демалыс күндері, нақтырақ айтсақ маусымның 20-21 күндері елде шектеу шаралары күшейтіледі. Тиісті шешімді бүгін Үкіметте ведомствоаралық комиссия қабылдады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Екібастұз қалаларында ірі сауда ойын-сауық орталықтары мен базарлар жұмысын уақытша тоқтатады. Қоғамдық көліктердің жұмысы шектеледі. Саябақ, сквер, жағалау, аквапарк сынды адам көп жиналатын орындар да жабылады. Ал қоғамдық тамақтану нысандары тек таза ауада ғана өз жұмысын жалғастыра алады. Сонымен қатар, жасы 65-тен асқан адамдардың сыртқа шығуына тыйым салынбақ. Халық саны 50 мыңнан асатын елді-мекендердегі қоғамдық орындар да жабылады. Бұған өңірлердегі эпидемиялық жағдайдың күрт нашарлауы себеп болған.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Өздеріңізге мәлім, кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің үндеуінде халық карантин режимін жаппай сақтамауы салдарынан коронавирус жағдайы күрделене түскенін айтты. Осыған орай, ведомствоаралық комиссия отырысында, елдегі эпидемиялогиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша нақты шараларды қабылдауымыз керек. Барлық дерлік өңірде қауіпті вирусты жұқтырған науқастардың саны қарқынды түрде артуда. Бұл карантин режимін күшейту бойынша қатаң әрі пәрменді шараларды қабылдау керектігін көрсетіп отыр.


Сондай-ақ, премьер-министр Асқар Мамин, жергілікті әкімдерге коронавирусқа тест тапсыратын орталықтарды ашу туралы тапсырма жүктеді. Ауруханаларға қосымша инфекциялық және провизорлық орындарды көбейтуді жүктеді. Жедел жәрдем көліктерінің де жұмысын қадағалауды міндеттеді.

А. Мүтәлі