Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраулық малшы өзін полиция қызметкері мүгедек қылды деп шағымданды

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2020
  • 4321

Полиция ұлымды мүгедек қылды. Атырау облысындағы Құрманғазы ауданының Сүйіндік ауылы тұрғыны, тепсе темір үзетін баласын жарымжан еткен полиция қызметкерлері, 4 айдан бері жазаланбай отыр,- деп шағымданды. Айтуынша, өздерінің отбасылық шаруа қожалығында мал бағатын ұлын құқық қорғаушылар айдалада қызметтік көлікпен қағып кеткен.

Бақтыгерей СЕЙІТХАНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Шаруашылығымды басқарып отырған, менің малымды бағып отырған менің ұлым. Қазір мүгедек болып қалды. Оның орнына басқа біреуге бақтыруға мәжбүр болып отырмын. Осы мені қынжылтады. Айтқан сөзімді біздер дәлелдей алмай, полиция қызметкерлерінен дәлелдей алмай отырмыз. + Суретіне дейін әкеп бергенде істі қыстартып жіберіп отыр. 

Басы жарылып, аяғы сынып, көзінен ауыр жарақат алған 37 жастағы Әбілсейіт қазір мал бақпақ түгілі, кісінің көмегінсіз жүріп-тұрудан қалған. Өмір мен өлім арасында арпалысқан сәтім әлі есімде дейді. Биылғы жылдың 26 ақпан күні мотоциклімен әдеттегідей мал қарауға шыққан.
 
Әбілсейіт СЕЙІТХАНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Олар ақбөкендерді қуып жүрді. Мені көргенде. Мен қабақ үстіне шыққанда олар тұрып қалды. Не себептен тұрып қалғанын білмеймін. Өзім малыма қарай бағыт алдым. Қабақ үстіне шығып келе жатқанда келіп қалды. Тарс еткендей болды. Атқандай боп естілді.

Ағайындары Әбілсейітті тек келесі күні ғана тапқан, оның өзінде ауруханадан. Полицейлер далада рейдте жүргендерін айтып, төсекке таңылған малшы жігіттің үстінен заңсыз киік аулап жүрді деген айыппен іс қозғаған. Бірақ айып дәлелденбей, іс тоқтатылыпты. Әбілсейіттің туыстары еш қылмысы жоқ азаматты мүгедек қылған учаскелік полицейлердің жауапқа тартылмағанынақынжылады. Бастапқыда қылмыстық іс тергелгенмен, кейін түрлі себептермен іс тоқтатылыпты.

Гүлнәзира МҰХТАРОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
 
Азғыр полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторларына қатысты Қылмыстық Кодекстің 362-бабының І- бөлігімен қозғалған қылмыстық іс жан-жақты толық, объективті тергеліп, қорытындысына сәйкес, барлық жинақталған құжаттарды, дәлелдемелерді зерделей отырып, Процесуалдық Кодекстің 35-бабының 2 бөлігі негізінде өндірістен тоқтатылды.

Аурухана есігін тоздырған жігіттің туыстары әріптестерінің қылмысын жасыру үшін, полицейлер көп нәрсеге көз жұмып отыр,- деген пікірде.

Болат ОЛЖАБАЕВ, АДВОКАТ:

Тергеушісі Сыдиқов оқиға жол апаты болған кезде жол сызбаны сызбаған. Яғни құмның арасында  болған. Полиция қызметкерлерінің автокөлігінің бампері жоқ, соны жоқ деп. Мұны қаққан кезде қасақана істемеген деп істі тоқтатуға тура келді деп айтқан. Қылмыстық әрекет жасағаннан бұлар февраль айынан бастап әлі жұмыста жүр.

Қазір тоқтатылған қылмыстық істің заңдылығын облыстық прокуратура зерделеп жатыр. Олар бір ай ішінде нақты бағасын беруі тиіс. Ал алаңсыз мал бағып жүріп, мүгедекке айналған жігіттің туыстары кінәлі тарап жазаланбайынша, беріспейміз деп отыр.

Б. Надирқызы