Қазақстандықтар коммуналдық қызметтерге 13 миллиард теңге қарыз. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бүгін Үкімет отырысында осыны жеткізді. Оның дерегінше, берешегі көп өңірлердің тізімінде Алматы қаласы көш бастайды. Олар мемлекетке 2,1 миллиард теңге қайтаруы тиіс. Одан кейін елордалықтар мен шымкенттіктер. Министр бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 780 миллион теңгеге көп екенін айтады. Сондықтан жергілікті билікке борышкерлермен жүйелі шаралар жүргізу туралы тапсырма жүктелді. Ведомство басшысы қазір жылыту маусымына дайындықты пысықтап жатқандарын айтты.
Бейбіт АТАМҚҰЛОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Жалпы алдағы жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Көмір тапшылығы болмауы тиіс. Қыркүйек-қараша айларында әкімдіктермен бірлесіп, халыққа арналған көмірді ертерек сатып алу жұмысы жүргізілуде.
Биылғы маусымда жылусыз қалу қаупі бар өңірлер де жоқ емес. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Орал қаласындағы жылу қазандықтарының кейбірі апаттық жағдайда деп отыр. Бұдан бөлек, мұндай орталықтарының кейбірі жылыту кезеңіне әзірлік паспортын алуға асығар емес. Ведомство мұндай жағдайда кәсіпорындарға айыппұлды көбейту туралы ұсыныс тастады. Бұдан бөлек, жиында карантиннен зардап шеккен қазақстандықтардың кредитін кейінге шегеру мәселесі де қаралды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы Мадина Әбілқасымованың пікірінше, бүгінгі күні шағын және орта бизнес тұралап қалды.
Мадина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
2020 жылдың 16 маусымы мен 15 қыркүйегі аралығында шағын және орта бизнес субъектілері банкке немесе микроқаржы ұйымына қосыша қолдау шараларын көрсету туралы өтініш жасауға құқылы.
Мадина Әбілқасымованың сөзінше, 16 наурыз бен 15 маусым аралығындағы жеңілдік кезінде 1 миллион 890 мыңнан астам адамның несиесі шегерілген болатын. Бұл төлемдердің сомасы 268 миллиард теңгені құрайды. Бұл жолы да осы шамалас азаматтарға көмек қолын созамыз деп отыр.
А. Мүтәлі