Русский Сайттың толық нұсқасы

Шортандылық мұғалімдер жарты жылдан бері жалақысын толық алмаған

  • AstanaTV
  • 24 маусым 2020
  • 3578

Ақмола облысы Шортанды ауданының мұғалімдері жалақыларын жарты жылдан бері толық ала-алмай жүр. Тіпті соңғы бірнеше айда еңбекақыларын үш бөліп алдық деп отыр. Айтуларынша, мұндай мәселе ауданның барлық мектептерінде бар. Ұстаздар жергілікті әкімдіктен бастап, облыстық білім басқармасына дейін шағымннған. Бірақ, шенділердің «Шешеміз!» деген үйреншікті сөздерінен құлақтарының құты қашқанын айтады.

Алмагүл ХАЛЕЛ, ШОРТАНДЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бөліп-бөліп береді. 37 мың бір түседі, 38 мың бір түседі. Основной зарплата деп тағы түседі. Сонымен не алып, не қойғанымызды білмей қаламыз.


Педагогтар бұған дейінгі жалақыларының да толық берілмегеніне наразы. Өткен жылғы еңбекақыларын да қайта есептеу керек, дейді. Себебі онлайн есептеу құралы арқылы көп мұғалімдер жалақылары белгіленген мөлшерден аз төленгенін байқапты. 

Анар БӨЛЕКБАЕВА, ШОРТАНДЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ол дегеніміз онлайн калькулятор мен еңбекақымыз сай келмеді. Кем екенін дәлелдеп бердік. 34 мұғалімнің ішінде маған ғана есептеп берді. Мен 107 мың теңге перерасчет жасаттым. Және осындай ақшаны барлық мұғалімдер алуға құқылы деп ойлаймын.

Ашынған ұстаздардың шашбауын көтеріп, түсірілім тобы аудандық білім бөліміне барып едік, мамандар есігін іштен бекітіп, мардымды жауап беруден бас тартты.

Десе де, жұмысында жоқ бөлім басшысын аудан әкімдігінен іздеп таптық. Ол алдағы бір ай ішінде берешегінен толық  құтылатынын айтты.
 
Әділ ҚАУМЕТОВ, ШОРТАНДЫ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Әрине мұндай мәселенің бар екенін жоққа шығармаймын. Мұғалімдерге берешегіміз бары рас. Жерглікті бюджетте қаражат тапшылығы болған еді. Қазір облыстық бюджеттен де қаражат бөлінді. Енді бірнеше құжаттар реттелгеннен кейін, барлық қарыздарды толық өтейміз. Шамамен шілденің 10-15 аралығында барлығын төлейміз деп ойлаймын.

Білім бөлімі өкілдерінің сөзін облыстық басқарма мамандары да растады. Құзырлы мекеме басшылары еңбек демалысына шыққан мұғалімдерге 76 миллион теңге қарыз екенін айтты. Түйіткілдің түйінін жуырда шешуге уәде етті.

Ғ.Өтемісов