Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысының тұрғындары мотоцикл жүргізушісін жарақаттаған полицейлерді жауапқа тартуды сұрайды

  • AstanaTV
  • 25 маусым 2020
  • 2870

Қарағанды облысының тұрғындары мотоцикл жүргізушісін жарақаттаған полицейлерді жауапқа тартуды сұрайды. Олардың айтуынша кеше кешкісін полиция көлігі мотоцикл жүргізушісін соғып, ауыр жарақаттаған. Елді-мекен тұрғындары оқиғаны телефондарына түсіріп алыпты. Куәгерлердің айтуынша, арнайы патруль мотоциклді аса қатты жылдамдықпен ауыл ішінде қуған.

Мотоцикл жүргізушісі 24 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталды. Ол расында да ауыр жарақаттанып Теміртау қалалық ауруханасына түскенін дәрігерлер растады. 

Данияр ҚАЖЫБАЕВ, ТЕМІРТАУ қ. №3 АУРУХАНА ХИРУРГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:


Науқас кеше 22 сағат 35 минутта ауруханаға түсті. Жол көлік оқиғасы салдарынан бас сүйегінің жабық жарақатын алған, миы қозғалған, ішкі бел омыртқасы жараланған, оң жақ тізе буыны созылған. Қазір жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Политравма және бейімдеу бөлімінде ем алып жатыр.

Полиция департаменті мотоцикл жүргізушісінің заң бұзғанын айтады. Оның астындағы көлікте мемлекеттік нөмір болмаған, әрі жүргізуші шлемсіз жүрген. Осыны байқай сала, тоқтауға ескерту жасағанымызды елемей, қаша жөнелді деп отыр.

Жанатай СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бұл мотоциклдің жүргізушісі полиция қызметкерлерінің заңды талабына мойын ұсынбай жест арқылы оғаш мінез көрсетіп, жылдамдықты асырып  қашып құтылмақ болғанда  мотоциклге ие бола алмай арнайы көлікке келіп соқтығысқан.  Қазіргі таңда мотоцикл жүргізушісіне қатысты ӘҚБ К- інің бірнеше бабына сәйкес тиісті материалдар толтырылып сотқа жолданды.

Дегенмен куәгерлер полиция көлігінің мотоциклді соққанын растаймыз,- деп науқасқа араша түсті. Туыстары да жігіттің заң бұзғанын жасырмайды. Алайда оның басында қорғаныс шлемі жоқтығын көре тұра қуалап, қаққаны үшін сақшыларда жазалауды сұрайды.

Жақсыбек ЖАМЫЛҚАН, АҚТАУ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің інім Жамылқан Баярбек кешкі сағат 5-6 лар шамасында мотоциклмен мал қарауға шығады. Көшеде жүргенде полиция қызметкерлері оны көріп қуады. Басында каска ештеңе болмаған. Қуып оны кеп соғып құлатып ауыр дене жарақатын алды. Аяғында белінде гипс. Ол кезде полиция көлігінде болған Айменов Әсет есімді жігітке қандай да бір шара қолдануларыңызды сұраймыз.

Жалпыға ортақ жол ережесінде, мотоциклді шлемсіз басқарғандарды қууға болмайды деп көрсетілген. Осыны ескерген ауыл тұрғындары бүгін полицейлердің үстінен шағым түсірді. Енді прокуратураға да арызданбақшы.

А. Қуаш