Русский Сайттың толық нұсқасы

Коронавирус жұқтырғандар саны әлем бойынша 10 миллион адамнан асады

  • AstanaTV
  • 25 маусым 2020
  • 3114

Келесі аптада коронавирус індетін жұқтырған адамдар саны жер жаһанда он миллионнан асады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі осы. Бүгінгі күні карантин шаралары жеңілдетілгенмен, дерт дендей бастаған. Зауалды індеттің екінші толқыны да күтілуде. Ұйым директорының айтуынша соңғы айда төрт миллионнан астам адам ауруға шалдыққан.

Тедрос АДХАНОМ ГЕБРЕЙЕСУС, ДДСҰ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Індеттің өрши түскен алғашқы айында он мыңдай жағдай тіркелді. Өткен айда төрт миллионға жуықтады. Келесі аптада он миллионға жетеді. Біз вакцинаны зерттеумен қатар адамдар өмірін сақтап қалуға талпынып жатырмыз. Соған қарамастан қауіпті індеттің тез таралуы қатты алаңдатады.

Ковид-19 Латын Америкада өршіп тұр. Бразилияда соңғы тәулікте 42 мың жағдай тіркелді. Ал, Перудегі карантинге қарсы наразылық шараларына қатысушылар полицейлермен қақтығысып қалды. Олар ішерге ас таба алмай отырғандарын айтып, жұмысқа шығаруды талап етті. Бұл елде екі жүз алпыс мыңнан астам адам індет жұтырған. Сегіз мыңнан астамы  көз жұмды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері аталған елдердегі жағдайға алаңдайды.

Майкл РАЙАН, ДДСҰ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БОЙЫНША БАҒДАРЛАМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Солтүстік және Оңтүстік Америкадан соң, енді ушыға бастаған Орталық және Латын Америкасының жағдайына тоқталар ем. Ондағы жағдай әлі өрлеу шыңына жеткен жоқ. Сондықтан алдағы аптада індет жұқтыратындар саны еселеніп, адам өлімінің артуына әкеп соғуы ықтимал.

Карантин босаңси қалған соң Калифорния тұрғындары жаппай жағажайға асығып, мейрамханаларға  шоғырланған. Соның салдарынан соңғы екі күннің ішінде жұқпа жұқтырғандар саны 70 пайызға көбейген.

Гэвин НЬЮСОМ, КАЛИФОРНИЯНЫҢ ГУБЕРНАТОР:

Дүйсенбі күні COVID-19 жағдайының жаңадан 4230 дерегі тіркелді. Қазір шамамен 69 пайызға артты. Жеті мыңнан астам адам дегеніңіз Калифорния штаты үшін тым көп, рекордтық көрсеткіш. Бұл вируста шекара жоқ. Сақ болыңыздар. Қоғамнан оқшаулануды үйреніңіздер.

Қауіпті індеттің салдарынан халықаралық қаржы қоры да дабыл қағып отыр. Екінші жарты жылдықтағы экономикалық көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Көптеген компаниялар тығырыққа тірелді. Мәселен Австралиядағы Qantas 6 мың адамды жұмыстан босатқан.
  
Алан ДЖОЙС, "QANTAS" БАС ДИРЕКТОРЫ:

Миллиардтаған доллардың табысынан қағылдық. Сондықтан ұзақ мерзімді межені діттеуге, жұмыс орындарын мейлінше сақтап қалу мүмкін болмады. Қысқартуға іліккен алты мың адамның көбісін жақсы танимын. Оның сыртында тағы 15 мың адам біразға дейін жұмыссыз қалады.

Латын Америкасы мен Кариб алабында қайтыс болғандар саны жүз мыңнан асты. Делиде де жағдай мүшкіл. Бір тәулікте 4 мың науқас тіркелген. Ал,Еуроодақ болса шілденің бірінен бастап шекараны ашу жоспарын талқылап жатыр.

З. Санай