Жоспарлар көп, бірақ қаржы тапшы. Бізге берген сұхбатында ауыл әкімдері қазіргі өз жағдайын дәл осылай сипаттап берді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл сатанаттағы шенеуніктердің өмірі өзгермек. Бұған жергілікті өзін өзі басқару Заңына енгізілген жаңартулар себеп болып отыр. Өскемен қаласында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің төрағалық етуімен осы тақырыпта форум өтті.
Дербес бюджет - мүмкіндіктер ғана емес, үлкен жауапкершілік. Ең алдымен әкімдерден нақты жұмыстар легін күтетін тұрғындар үшін. Егер осы күні шенеуніктер жергілікті деңгейде ақшаның жоқтығын сылтауратса, 2018 жылдан бастап мұндай уәж айтуға негіз жоқ.
Болжам бойынша, ауыл қазынасы көлік салығы, сыртқы көрнекі жарнамалар, тұрғын үйлер мен жерді жалға берудің есебінде толықтырылмақ. Дәлірек айтсақ, бұл санаттағы шенеуніктердің қолында дербес бюджет пайда болады, бұны олар бір ауыздан қолдап отыр. Айтуларынша, жоспар көп, тек қаржы тапшы.
Елена Лихтенваль, ШҚО Октябрь кентінің әкімі:
Қазіргі жергілікті өзі өзі басқарудың мақсаты - кәсіпорындар мен ұйымдардан салықтың түсуі. Бұл қаржы өзін өзі басқару ісіне жұмсалмақ. Дәл қазіргі уақытта бізге түсімдердің шамалы бөлігі ғана беріледі, енді түсім артады. Көреміз, көп нәрсе істегіміз келеді. Жоспарлар көп қой, бірақ оған қаржы жеткіліксіз.
Мейіржан Смағулов, ШҚО Абай ауданы Қарауыл ауылының әкімі:
Бүгінгі таңда бюджеттің басым көпшілігі аудан орталықтарынан таратылғаннан кейін ауыл әкімінде қаражат жағынан билік жоқ. Енді ауыл әкімдеріне берілетін болса, бұл әкімдердің стастусын, яғни халықтың алдындағы әкімдердің статусын жоғарылатады. Себебі кімде қаражат болса, биліктің де қолының ұшы сонда болады.
Мейіржан Смағулов - аймақтағы ең жас әкім. Ол 33-те. Абай ауданы, Қарауыл ауылының әкімі болып жуырда ғана сайланды. Бірақ, көп мәселені түсініп, шешуге кірісіп кеткен. Бүгінгі форумда ауыл әкімдері министрмен проблемаларын бөлісті. Соның бірі - мемлекеттік тапсырысқа қатысты. Айтуларынша, ауылда бұл бағыттағы мамандар тапшы. Көріктендіру немесе төтенше жағдай зардаптарын жою үшін тендер өткізу қажет. Бұл көп жағдайда уақытты алады , әрі тиімсіз екенін айтты.
Ал, Тимур Сүлейменов министрлікте ауыл әкімдерінің белгілі бір мөлшердегі қаржыны тендерсіз басқаруға мүмкіндік беретін норманың қарастырылып жатқанын жеткізді. Бірақ бұның өзі ерекше жағдайда ғана мүмкін болмақ.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Әкімнің
аппараты шамалы екені белгілі. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс бойынша жеке бір
маманды ұстап тұру қиын. Өзі басқа мәселелермен айналысады. Сондықтан ауыл
әкімдері деңгейін көтеріп, тендер өткізбей-ақ, мемлекеттік тапсырыс деңгейін
көтеру мәселесі қарастырылуда. Шамамен 10 млн теңгенің аумағында. Бұл есептік
комиссиямен өңделіп, келісіледі. Меніңше, бұл жағдай жергілікті әкімдердің
шұғыл әрекеттенуіне жол ашатын болады.
Үш ай бойы ауыл әкімдері
оқытылады. Шенеуніктер бюджетті басқарудың негізгі алғы шарттарын түсініп,
салық саласын зерттеуі тиіс. Ұлттық экономика министрлігі қажет әдістемелік
материалмен қамтиды. Сондай-ақ, онлайн режимінде семинарлар мен тренингтер
ұйымдастырмақ.