Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде дәрігер тапшы

  • AstanaTV
  • 09 шілде 2020
  • 3467

Қазақстанда коронавируспен күресетін дәрігер тапшы. Кадрлар жетіспеушілігіне байланысты жоғары оқу орындары мен медициналық колледж студенттері қызметке тартылуда. Бұл туралы елдің бас дәрігері Алексей Цой айтты. Дәрігер мәселесі елдегі 10 аймақта өзекті. Шамамен 1200 маман қажет.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
 
Өңірлердегі сұраныс қажеттіліктерге қарай медициналық колледждер мен университеттің түлектері қызметке тартылады. Бізге , 616 анестезиолог-реаниматолог, 158 инфекционист, 60 эпидемиолог, 166 кардиолог, 68 пульмонолог және 84 реабилитолог керек.

Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, "Халыққа медициналық қызмет көрсететін мобильді топ емханалар қасынан құрылады", деп мәлімдеген еді. Бұл сөздің айтылғанына бір апта болды. Қозғалыс байқалмайды. Нақты қашан қолға алынатыны да әзірге белгісіз.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:


Жедел жәрдем стансаларында да мобильді топ құру үшін келісімшарт жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар қормен келісімшартқа отырып, сол мобильді топтардың жұмысын қамтамамсыз ететін қаражат табуы керек. Нұр-Сұлтан қаласында мобильді топтар келісімшарт жасалғаннан кейін пайда болады.


Жағдайды қай тараптан алсақ та мүшкіл,- дейді министр. Бұл пневмонияға қатысты айтылған сөз. Өкпенің қабыну дерті әлемдік пандемияны көлеңкесінде қалдырғандай. Айтуынша, пневмонияға шалдыққандар, коронавируспен ауырғандардан 2-3 есеге көп екен.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

 
Қазіргі уақытта аталған кеселдерде өсім деңгейі байқалып отыр. Соңғы кезде өлім-жітім дерегі де көбейді. Шынайы көрініс болуы үшін, мұны да айтып отырамыз. Мұндай деректерді сайтымызда немесе ақпарат көздерінде жариялауды жоспарлап отырмыз. Уақытына қатысты айтар болсам, келесі аптада бұл мәліметтерді қолға алып, шынайы жағдайды барлығы көруі үшін жария етуге тырысамыз.

Өткен тәулік бойынша COVID-19-ды жұқтырғандардың саны рекордтық деңгейге жетті. Індетті 2 мыңға жуық адам жұқтырыпты.  Сонымен науқастардың жалпы саны 53 мыңнан асты. 18 мыңдай науқас емделіп шықты. 16 өлім жағдайы тіркеліп, республика бойынша кесел құрбандары 280-ге жетті.


А. Данияр