Русский Сайттың толық нұсқасы

Нөсер жауыннан кейін өзендегі су деңгейі 20 метрге көтеріліп кеткен

  • AstanaTV
  • 20 шілде 2020
  • 3305

Үндістан мен Қытайды топан су басты. Нөсер жауын судың деңгейін 20 метрге көтеріп жіберген. Аньхой провинциясында жағдай тіпті үрейлі. Қала көшелері мұнда өзенге ал, егін алқаптары мұхитқа айналған. Суды босату мақсатында Қытай билігі бір плотинаны жарып жіберіпті.

Донг БЯО, ЦЮАНЦЗЯО АЙМАҒЫНДАҒЫ ТЖ БЮРОСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Сянхэ плотинасын жарғаннан кейін су 14-13 метрге дейін төмендеді. Осының арқасында ғана судың деңгейін түсірдік.

Луан да судың астында қалған қаланың бірі. Мұнда ел қайықпен қатынап жүр. Топан су салдарымен күресуге әскерилер кірісті. 200 жауынгер жұртты қауіпсіз жерге көшіріп жүр. Ал, нөсер жауын басылар емес. Сәрсенбі күні топан судың екінші толқыны басталады деген қауіп бар.

Хао СЮЛЯН, НАНКИН МУНИЦИПАЛДЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ:

Осы уақытта екі су сорғысы күні-түні істеп тұр. Жұмыс үш ауысыммен тоқтаусыз жүріп жатыр.

Ло МАН, ЦЗЮАНЦЗЯО ҚАРУЛЫ ӘСКЕРИ ПОЛИЦИЯ ОТРЯДЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Жағдайды мұқият зерттегеніміз дұрыс. Анық білген жағдайда екінші толқынға қалай дайындалуымыз керектігін түсінеміз.

Үндістанда да осыған ұқсас жағдай. Толассыз жауған жауын Ассам штатында 4 млн адамды баспанасыз қалдырды.

Анджана ЧАНДРА:

Мен кедей адаммын. Бамбук пен саздан салынған үйім бар еді. Су шайып кетті. Қайта өзіміз аман қалдық.

Топан судан 200-ге тарта адам қаза болды. Із-түзссіз жоғалғандар көп. Жауыннан келген шығын көлемі әлі күнге белгісіз.

Вишну ДАС, КАМРУПТЕГІ ЛАГЕРЬ БАСШЫСЫ:

Үкімет қолдан келгенін істеп жатыр. Күрте құратын берзент үлестірдік. Күріш, тұз сияқты азық түлік малға жем-шөп тараттық.

Нөсер жауынның жүріп жатқанына екі айдан асты. Қытайда 400 өзен сағасынан асып кетті. 38 млн адам жапа шекті. Жүздеген гектар жерді су басып, мыңдаған үй қирады. Мұндай толассыз жауын соңғы рет 20 жыл бұрын болған.

Д. Мұхаммедкәрім