Русский Сайттың толық нұсқасы

Грузияда алматылық 13 жастағы бала жоғалып кетті

  • AstanaTV
  • 23 шілде 2020
  • 3353

Грузияның таулы аймағында 13 жастағы алматылық бала жоғалып кетті. Илья Пилпани есімді жеткіншекті соңғы рет шілденің 18 күні Ленжери ауылы маңында көріпті. Содан бері баладан хабар жоқ. Қазір Ильяны 45 құтқарушы іздеп жүр. Олар, таулы аймақтың әр шаршы метрін сүзуде. Жоғарыдан тікұшақпен де қарап шығыпты. Тау-тасты жергілікті тұрғындар да қарап жатыр. Алайда, бала әзірге табыла қойған жоқ. Илья Пилпани Грузияға жазғы демалыс басталғанда барған. Кейіннен карантин режимі күшейіп Илья үйіне қайта алмай қалыпты. Баланың анасы Ксения Пилпанидің ойынша, Илья Сванети шаһарынан Тбилисидегі тәтесіне велосипедпен аттанған болуы керек. Анасы осы уақытта Дубайда жұмыс істеп жүргенін айтқан.

Евгения ГЛАДЫРЬ, ИЛЬЯНЫҢ ТУЫСЫ:
 
Бала өте салмақты. Әр түрлі болжамдар бар. Велосипедпен адасып кетті ме әлде жолшыбай кездескен көлікке отырып кетті ме білмейміз.

Илья бұрында велосипедпен осылай бірнеше рет саяхаттапты. "Жолды Илья жақсы біледі", дейді анасы Ксения. Бұл болжамды грузиялық құтқарушылар назарға алды. Алматылық бала грузин тілін білмейді. Бұл баланың табылуын қиындатып отыр. Ал, шешесі Грузияға жете алмай әлек. Карантин кезінде шекаралар жабық тұр. Ильяның жағдайынан Сыртқы істер министрлігі хабардар, олар көмек қолын созуға дайынбыз деді. 

Нұрбек АЛМАШОВ, ҚР СІМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Өздеріңіз білетіндей қазір бүкіл әлем бойынша қатаң карантиндік шаралар қабылдануда. Шекаралар жабық. Бірақ соған қарамастан баланың анасының Грузияға келуіне біз көмек көрсетеміз. Сондай-ақ баланың әкесінің Грузияда екенін және іздестіру жұмыстарына шараларына қатысып жатқанын атап өтеміз.

Д. Мұхаммедкәрім