Русский Сайттың толық нұсқасы

Коронавирус пен пневмонияға шалдыққан науқастар медициналық сақтандыру қоры есебінен емделеді

  • AstanaTV
  • 27 шілде 2020
  • 2136

Коронавирус пен пневмонияға шалдыққан науқастар, бұдан былай медициналық сақтандыру қоры есебінен емделеді. Бұл туралы бүгін басқарма төрағасы хабарлады. Аталған қызмет, індетке шалдыққандарды емдеу шараларына  жеке ауруханаларды да тартуға мүмкіндік береді дейді ол.

Болат ТӨКЕЖАНОВ, ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Енді провизорлық стационардағы төсек-орынның әр күні үшін - 22 мың теңгеден астам, тәулік бойғы стационарларда болғаны үшін - 32 мың теңгеден астам, науқасты анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде емделгенде күніне - 70 мың теңгеден астам қаражат қор тарапынан өтеледі.

Қазақстанда наурыз-маусым айларында COVID-19 бен пневмониядан 150 мың адам емделіп шыққан. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төрағасы, алдағы уақытта шипажайларда, оңалту орталықтары мен санаториялық-курорттық ұйымдарыда науқастарды емдеу жоспарланып жатқанын мәлімдеді.

Болат ТӨКЕЖАНОВ, ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Наурыз айына қарағанда, маусымда бір күннің өзінде науқастарды төсек-орындармен қамту - 8 есеге, жұқпалы аурулар ауруханасындағы төсек-орындармен қамту - 23 есеге өскенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, провизорлық стационарларда бір күндік төсек-орын саны наурыз айында 21 мың болса, қазір 100 мыңнан асты.

Коронавирус бойынша елдегі ахуалға тоқталсақ. Өткен тәулікте COVID-19-бен 1400-дей адамның ауырғаны белгілі болды. Осылайша кеселді жұқтырғандар саны ел аумағында - 83 мыңнан асты. Оның 52 мыңнан астамы жазылып шықты. Індет құрбандары 610-ға жетті. Әлемде де жағдай да алаңдатарлық. 16 жарым миллион тұрғын кеселді жұқтырған. 

А. Данияр