Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде 3 тамыздан бастап карантин жеңілдетілуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 28 шілде 2020
  • 3071

Қазақстанда 3 тамыздан бастап карантин шаралары жеңілдеуі мүмкін. Ол үшін елдегі ауруханада жатқан науқастар саны 70%-ға азаюы тиіс. Коронавирус жұқтырғандар мен одан көз жұмғандар көрсеткіші де төмендеуі керек. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгін Үкімет отырысында осыны жеткізді. Оның сөзінше, мұндай жағдайда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерін ашуға рұқсат етіледі. Кезекші тобы бар балабақшалар жұмысын бастайды. Үйірмелер мен коррекциялық орталықтардың да жұмысы жанданады. Сұлулық салондарына да шектеу алынып тасталмақ. 

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Сонымен бірге, ашық аспан астында арақашықтықты сақтап жаттығу өткізуге болды. Спортшылардың да топтық жаттығу өткізуіне рұқсат. Алайда, 30 адамнан артық жиналмауы керек. Көшеде, паркте әдеттегідей 3 адамнан артық топтасып жүруге болмайды. Қоғамдық көліктердің де 50 пайыздан артық толмауы қадағаланады. Адамдар автобуста маска тағады. Кондуктор да жұмыс істейді.

Министр 3 апталық локдаунның арқасында елдегі эпидемиялогиялық ахуалдың біршама тұрақталғанын айтып отыр. Оған негіз де жоқ емес. Жедел жәрдем қызметіне жүгінушілер Елорданың өзінде 3 есеге азайған. Алматылықтар да бұрынғыдай алғашқы көмекті шақыруды азайтыпты. Жиын барысында Үкімет мүшелері елде қызметі қызып тұрған онлайн сауданың да жай-күйін қозғады. Сауда және интеграция министрі бұл жүйеге толықтай көшу әлі күнге дейін мүмкін емес деп отыр. Себебі, кәсіпкерлер электронды сауда үшін табыс салығын төлеуден қиналады. Оның дерегінше, елдегі 2 мыңнан астам интернет-дүкеннің 601-і ғана мұндай міндеттен босатылған. Енді жеңілдік бәріне бірдей берілсін деген ұсыныс тастады.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Электрондық сауданы одан әрі дамыту мақсатында электрондық сауданы жүзеге асырудан түскен кірістер жылдық жиынтық табыстың кемінде 40%-ін құраған жағдайда, салық кодексіндегі жеке кәсіпкерлер үшін корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығын төлеуден босату нормасы жөніндегі өзгерістерді қолдауды сұраймыз.


Жалпы, елдегі ахуал реттеліп келеді. Дегенмен Алматы коронавирустың екінші толқынына әзірлікті бастап кетті.  Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жиын барысында ең ауыр сценарийге әзірленіп жатқанын жеткізді. Күзге дейін шаһарда 500 орындық жаңа госпиталь мен мәйітхана салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 1 қазанға дейін екі қонақ үй базасында жеке 215 төсек-орындық "ковидтік" емханалар құрылмақ. Қала билігі жыл соңына дейін ауыр халдегі науқастарды емдей алатын 1015 адамға арналған стационар құрмақшы. 

А. Мүтәлі