Русский Сайттың толық нұсқасы

Тараздағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының кіші медицина қызметкерлері үстемақы талап етуде

  • AstanaTV
  • 28 шілде 2020
  • 3995

Бүгін Тараздағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бірқатар медициналық қызметкерлері үстемақы талап етті. Олар негізінен осы аурухананың көлік жүргізушілері, қабылдау бөлімінде отыратындар мен еден және кір жуатындар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы болса, оларға үстемақы тиесілі емес деп кесіп айтты.  Өйткені бұл қызметтегілер індетпен күресіп жатқан қауіпті аумаққа енбейді деді.

Жібек ИСАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бізде қызыл және жасыл аймақ болып бөлінеді. Яғни қызылы қауіпті. Онда ковидпен ауырған науқастармен дәрігерлер тікелей байланыста болады. Ал жасыл аймақтағы сырқаттанғандармен қарым-қатынас болмайды. Ал мына адамдар, шағымданып отырғандар науқастармен жұмыс істеп жатқан жоқ. Сондықтан оларға үстемақы қарастырылмаған.

Алайда жиналғандар бұл пікірмен келіспейді. Олардың сөзіне сенсек, 10-ға жуық әріптестері кеселді жұмыста жүріп жұқтырған.  

Қатира ЖАҚАШОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Қарастырсын приказды. Пунктты қарастырсын. Ішіне бізді енгізсін. Біз де адамбыз ғой. Ішінде жүрміз.


Мемлекеттік комиссия бекіткен қаулыға сәйкес үстемақы үш топқа ғана тиесілі. Бірінші топ, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Ал екінші топ, провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үшінші топ: Карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілері. 

Б. Жұмабайұлы