Русский Сайттың толық нұсқасы

Шетелде жүрген қазақстандықтар коронавируспен ауырып қалса қалай емделеді?

  • AstanaTV
  • 28 шілде 2020
  • 1878

Тамыз айында Таиланд пен Грузияға әуе рейcтері қалпына келуі мүмкін. Сонымен бірге, 10 тамыздан бастап Түркияға әуе қатынасы жандануы тиіс. Бұл туралы туризм индустриясы комитетінің төрағасы  Дастан Рыспеков айтты. Алайда, шетелге шығуды жоспарлаған отандастарымызға талап күшейтілмек. Туристтер, міндетті түрде коронавирустың жоқтығын дәлелдейтін полимеразды тізбекті реакция негізінде жүргізілетін тестті тапсыруы шарт. Ал, егер жерлесіміз өзге мемлекетте ауырып қалса емдеу шығыны қалай өтеледі?

Дастан РЫСПЕКОВ, ҚР МСМ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:


Қазақстан Республикасының азаматы шетелде ауырған жағдайда ол оқшауланады. Және емдеу осы мемлекетте қабылданған COVID-19 емдеу стандарттарына сәйкес туристік қызмет көрсету аумағында өтеді. Пациентті шетелде оқшаулау, тест нәтижелері мен туристерді диагностикалау кезінде сақтандыру өтемі туристі міндетті сақтандыру пакетіне енгізілген.

Осыдан бірер күн бұрын карантинге жабылған Алакөл мен Бурабай жақында қайта ашылатын болды. Десе де комитет төрағасы мұндағы курорттарда осы жылдың жазғы туристік маусымының соңына дейін бос орынның қалмағанын жеткізді. Қазірше орыналастыру орындарын алдын ала төлеп, брондаған демалушыларға рұқсат етіледі. Оларға қойылар тиісті талап бар.

Дастан РЫСПЕКОВ, ҚР МСМ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Шығыс Қазақстан облысындағы Алакөл көлінің жағалауында отбасының бір мүшесіне ПТР анықтамасының болу жағдайында бұрын көзделген талаптарды ескере отырып демалуына болады. Блок-бекеттердегі өткізу жүйесі туристерде орналастыру орындары ұсынған бронның бар-жоғы туралы деректермен салыстырылатын болады.

Пандемия туризм саласына да өзінің орасан зиянын тигізгені белгілі. Аталған қызмет көлемі 2019 жылы 2,5 млрд доллар болса, осы жылы бұл көрсеткіш небәрі 650 млн долларды құраған.

Коронавирустың ағымдағы жағдайы бойынша  қысқаша мәлімет. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған дерегінше, өткен тәулікте індет мың жарым адамнан анықталыпты. Ел аумағында ауырып жатқандардың жалпы саны - 84 мыңнан астам адамды құрайды. Оның 54 мыңы сауығып шыққан.

А. Данияр